«Ас – адамның арқауы» дейміз. Қазақ халқында ұлттық тағамның бірі құрттың алар орны ерекше. Қыста да, жазда да дәмін бұзбай, сол күйі сақталатын құрт жесең – тағам, шөлдесең – сусын. Еліміздің басына күн туған нәубет кезінде бармақтай құрт талай адамға талғажу болған. Ал ағаларымыз жайлауда мал баққанда қалтасына құрт салып жүрген. Шүкір, талай ғасыр өтсе де құрт тағамы өзінің маңызын жойған емес. Тек заманның ағымына орай нарыққа бейімделген саудагерлер құрт құрамын әртүрлі қоспалармен құртып жіберді. Бүгінде ұн және күріштің талқаны араластырылып, құрамы мүлдем өзгерген, түрлі қалыппен жасалынған бұл өнімді базар сөрелерінен кездестіруге болады. Көлемі көбейіп, салмағы ауырлап шыға келетін құрттан түсетін ақша да мол болатынын біледі олар. Тіпті, қазір сатушылар «таза қолдың құрты ма?» деген сұрауға үйреніп те қалды.
Иә, қара қазанда қайнап, аналардың алақанында айналып, кепкен құртқа не жетсін! Кезінде құрттың жасалуын көзімізбен көріп өскендіктен өзіміз де таңдап, сұрап сатып аламыз. Қоспасы бар-жоғын дереу айырамыз. Сондықтан болса керек, базардағы Алтынай апа бізді көргеннен сөренің астына тыққан қапшықтағы құртты шығара бастайды. Апайдың айтуынша, бұл біз сияқты кірпияз және арнайы іздеп келетін тұрақты клиенттеріне арналған ауылдан келген өнім. Құны сөресінде сатып отырған қоспалы құртынан әлдеқайда қымбат. Соған қарамастан сұраныс жоғары. Демек, әлі күнге дейін құрт өзінің орнын, деңгейін төмендеткен жоқ. Қайта қазақтың ұлттық тағамы, құрамы дәруменге бай құрттың құны артты десек те болады.
Себебі қазір супермаркеттің сүт өнімдері бөлімінен құрттың түр-түрін кездестіресіз. Бүгінгі таңда сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорындар тағамның осы түріне ерекше ден қойды. Осыдан-ақ сұраныстың мол екенін аңғаруға болады. Шымкент қаласы мен Түркістан облысында 100-ге тарта кәсіпкерлік нысаны сүт өнімдерін шығарумен айналысады. Олардың басым бөлігі соңғы жылдары өндірісіне құртты қосқан.
Мәселен, еш қоспасыз табиғи сүт өнімдерін өндіретін «Бөрте Милка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің майлылығы 12 пайызды құрайтын құрт өнімін жұрт іздеп жүріп алады. Компания ақшадан гөрі сапаны алдыңғы орынға қойғандықтан клиенттерін жоғалтып алудан қорықпайды. Бүгінде сақталу мерзімі бар-жоғы 3-4 күн, кейбір өнімі 1 айды ғана құрайтын серіктестіктің өнімдері дүкен сөрелерінде көп тұрмайды. Тауар түсе салысымен тез таусылуының да осындай табиғилық қасиетімен ерекшеленуінде болса керек. Ал құртының дәмі тіл үйіреді.
Сүт өнімдері бөлімі директорының міндетін атқарушы, технолог Әлібек Бахадырұлы серіктестіктің сүт өнімдерін шығаруды қолға алғанына 3 жыл, ал құртты өндіре бастағанына 2 жыл болғанын айтады. Аптасына 2 тонна құрт өндіретін фабриканың тауарына сұраныс көп. Әзірге Түркістан, Қызылорда облысы мен Шымкент қаласын ғана қамтып отыр. Одан әрі шығаруға өндіріс орнының қуаты жеткенімен, шикізат тапшы. Еске сала кетейік, «Бөрте Милка» сүт-тауарлық фермасы өндірісті модернизациялау шеңберінде швед технологиясымен тәулігіне 8 тонна сүт өндіреді. Мұндағы 400-ден аса сауын сиыр роботтардың көмегімен сауылады. Бір ірі қара бір күнде 30-32 литр сүт береді. Ал өнімдер осы фермадан алынды. Әлібек Бахадырұлы алдағы уақытта зауытқа голландиялық технологияны енгізу арқылы өнімділікті одан әрі көбейту көзделіп отырғанын атап өтті.
Компанияның әзірге өз дистрибъютері жоқ. «Мұзбел» компаниясымен келісімшартқа отырған. Маркетинг жұмыстарымен аталған компания айналысады. «Біз құртты қазақы дәстүр бойынша технологиясын өзгертпей дайындаймыз. Сүттің қаймағын алмай, майлы құрт өндіретіндіктен технологиясы да өте оңай. Сүттен ірімшік жасап, оның майын алып жатпай бірден құрт иленеді. Құртты арнайы аппарат арқылы қалыпқа құйып, одан соң кептіреміз», – дейді технолог.
Міне, бүгінде ұлттық құндылығымыз техника тіліне жұтылып кетпей, өз құнын жоймай, осылайша тұтынушыға ұсынылып жатқанына қуаныштымыз. Ал сіз бір құрттың құрамында көздің көруін жақсартатын А дәрумені, иммунитетті жақсартатын С дәрумені, сүйектің қатаюына көмектесетін Д дәрумені, кальций, мыс, мырыш, күміс, темір, кремний, магний, кальций, алюминий микроэлементтері бар екенін білесіз бе?
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы