Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық комиссияның кезекті отырысында жаңа Конституция жобасындағы сот төрелігі жүйесіне, жергілікті басқаруға және Негізгі заңға өзгерістер енгізу тәртібіне қатысты маңызды өзгерістер туралы баяндады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, Конституцияның сегізінші бөлімі – «Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» аясында сот төрелігінің конституциялық қағидаттары айтарлықтай күшейтілген.
Сот ісін жүргізу нысандарының қатары артты, судьялардың тәуелсіздігі нығайды, сот жүйесінің кадр мәселелері шешілді. Сондай-ақ адвокатураның құқықтық мәртебесі алғаш рет Конституцияда нақты бекітілді.
«Бұл – адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін арттыруға, сондай-ақ қоғамның сот жүйесіне деген сенімін күшейтуге бағытталған маңызды қадам», – деп атап өтті Бақыт Нұрмұханов.
Сонымен қатар ол Конституцияның жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару мәселелеріне арналған тоғызыншы бөлімі Құрылтайдың құрылуы және елімізде жүргізіліп жатқан әкімшілік реформаны ескере отырып қайта қаралғанын айтты. Бірқатар нормалар нақтыланып, мемлекеттік басқарудың жаңа жағдайларына бейімделген.
«Бұл бөлімнің жаңартылуы мемлекет пен қоғамның жергілікті деңгейдегі өзара іс-қимылын тиімді етуге деген ұмтылысты көрсетеді», – деп нақтылады Конституциялық Сот төрағасының орынбасары.
Бұдан бөлек, Бақыт Нұрмұханов Конституцияда жаңа, оныншы бөлімнің пайда болғанына назар аударды. Бұл бөлім Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібіне арналады. Сондай-ақ ол «Қорытынды және өтпелі ережелер» деп аталатын он бірінші бөлімнің мазмұнына тоқталды.
Атап айтқанда, бұдан былай Конституцияға өзгерістер Президенттің шешімімен және тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана енгізіледі. Сонымен бірге референдум өткізу бастамасын көтеретін субъектілер қатарына Халық Кеңесін қосуды көздейтін норма қарастырылған.