Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасында мемлекеттік тілге лайықты мәртебе берілгенін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
— Жаңа Конституцияда мемлекеттік тіл қазақ тілі екені тайға таңба басқандай нақты жазылған, айқын бекітілген. Атап айтқанда, жаңа Конституцияның жаңа жобасында «Конституциялық құрылыс негіздері» деп аталатын 1-бөлімнің 9-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі деп тікелей белгіленген, анық көрсетілген. Бізде мемлекеттік тіл біреу. Ол — қазақ тілі. Басқа мемлекеттік жоқ, — деді ол.
Ерлан Қарин қазақ тілі биік тұғырда, өз орнында екеніне сенім білдірді.
— Мемлекетіміз барда қазақ тілі ешқашан ол тұғырдан түспейді. Демек сол үшін, ең бастысы мемлекетті сақтау керек, мемлекетті қорғау керек, ең бірінші, ел бірлігін ойлау керек, — деді Мемлекеттік кеңесші.
Айта кету керек, өткен апта аяғында жарияланған жаңа Конституцияның жобасында мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы норма 9-бапта орналасқан. Ол жерде мемлекеттік тіл — қазақ тілі екені, ал мемлекеттік мекемелер мен өзін-өзі басқару ұйымдарында орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылатыны айтылған.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин 1995 жылы қабылданған Конституция мен жаңа Конституция жобасының айырмашылықтарын атады.
— Әлеуметтік желіден оқып жатырмыз. Комиссия осы күндері шешім қабылдады дегенге саятын пікірлер бар. Біз мәтінді қоғамдық талқылау үшін жариялап отырмыз. Білсеңіздер, 1995 жылы қабылданған Ата заңды кезінде дайындау үшін арнайы сарапшылар кеңесі құрылған болатын. Оның құрамында бар болғаны 12 адам болды. Біздің Конституциялық комиссияның құрамында 130 адам бар. Барлық өңірлердің өкілдері осы жиынға, әр отырысқа қатысып отыр. Қазір қолданыстағы Ата заңды дайындауға қатысқан 12 азаматтың 9-ы Қазақстан азаматы, қалған үшеуі сырттан шақырылған маман еді. Біз қоғам назарына ұсынып отырған Ата заңды елдің азаматтары дайындап отыр. Сырттан ешкім келіп дайындап жатқан жоқ. Сондықтан біз дайындап, қоғам назарына ұсынып отырған Конституция жобасы шын мәнінде нағыз халықтық Конституция деп айтуға болады. Себебі барлық өңірлердің, барлық саланың, өкілдері қатысып отыр. Барлық отырыс тікелей эфирде, халықтың назарында, — деді Мемлекеттік кеңесші Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында.
Ерлан Қариннің айтуына қарағанда, қолданыстағы Ата заңның елдің дамуына, мемлекеттілігіміздің нығаюына қосқан үлесін ешкім де жоққа шығарғалы жатқан жоқ.
— Бірақ бұл Ата заң еліміз енді ғана тәуелсіздік алып жатқан кезде, елең-алаң шақта қабылданды. Ал біз қазір мемлекеттілігі орныққан, тәуелсіздігі бекіген, әлем қауымдастығында өз орнын иеленген мемлекетпіз. Қолданыстағы Ата заң посткеңестік, транзиттік рухта жазылса, жаңа Конституция заманауи әрі ұлттық мүддені көздейді. Қазіргі Конституцияда мемлекеттің мүддесіне басымдық берілсе, жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары бірінші орынға шығып отыр. 1995 жылы қабылданған Ата заңда бірегейлік мүлдем қамтылмаған еді. Ал жаңа Конституцияда ұлттық және тарихи бірегейлік нақты мәлімделген.
Қолданыстағы Ата заңда билік бір орталықтарда шоғырланса, жаңа Конституцияда тең баланс орнатылған, — деді Мемлекеттік кеңесші.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституция жобасында сөз бостандығын қорғайтын баптардың аясы кеңейтілгенін айтты.
— Ұлттық мүдде халықаралық шарттардан қашан да биік тұрады. Нақтырақ айтсақ, 75-баптың 1-тармағында Конституцияға сәйкес келмейді деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не ратификацияланбайды, яғни олар қолданысқа енгізілмейді деп жазылған. Бұл – өте маңызды норма, халықаралық деңгейде кеңінен кездесетін практика. Бұл норма нені білдіреді? Қазақстан үшін мемлекеттік мүдде бәрінен жоғары, — деді Мемлекеттік кеңесші.
Оның сөзінше, жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары, сөз бостандығы бірінші орында тұрады.
— Конституция жобасының басты артықшылықтарының бірі – адам құқықтары мен бостандықтарына бағдарлануы. Жаңа Конституцияның негізгі өзегі – адамға бағдарланған мемлекет. Мәселен, 3-баптың 1-тармағындағы Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарында адам құқықтары мен бостандықтарын сақтауға ерекше басымдық берілген. 14-баптың 1-тармағында Қазақстан республикасында адам құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілетіні нақты жазылған. 23-баптың 5-тармағында цензураға тыйым салынатыны анық бекітілген. Сол секілді осы баптың 1-тармағында сөз еркіндігіне кепілдік беріледі деп айқындалған. Яғни жаңа Конституцияда сөз бостандығы да, адам құқықтары да шектелмеген. Керісінше, бұл нормалар бұрынғыдан да барынша кеңейтілген, — деді Ерлан Қарин.