Партия филиалының мәжіліс залында өткен есепті жиында еліміздің даму бағытын айқындайтын баянды бастамалар мен Саяси реформаларды қолдау бағытындағы іргелі жұмыстар тілге тиек болды.
Негізінен, Сыр өңірінде өткен жыл белесінде атқарылған жұмыстар ауқымы кең. Оның ішінде жаңа жүйемен өткізілу қолға алынған аудан және ауыл әкімдерінің сайлауы жоғары сипатқа ие. Атап айтқанда, былтыр облыс аумағында 56 ауыл және 1 аудан әкімдерінің сайлауы өткізіліп, партия тарапынан ұсынылған үміткерлер лайық деп танылған.
Жалпы, өңірде партияның саяси Тұғырнамасы мен халыққа берген сайлауалды уәделерін орындау бағытында тың серпін байқалады.
«Негізінен, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға жоспарланған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының мәні зор. Соған орай бағдарламаны жүзеге асыру шеңберінде арнайы Жол картасы әзірленіп, бекітілген шараларға нақты қаржы да қаралған. Нәтижесінде, партияның Қызылорда облыстық филиалы республикада 3 жыл қатарынан сайлауалды бағдарламаны 100 пайыз орындап келе жатқан партия филиалдарының бірі саналады. Атап өтсек, былтырғы жылдың өзінде сайлауалды бағдарлама 91,9 пайызға оорындалды. Яғни, Жол картада қамтылған 110 іс-шараның 101-і орындалып отыр. Нақты уақытта қалған іс-шара орындалу сатысында», – дейді филиал төрағасы.
Бұл тұрғыда 2025 жылы сайлауалды бағдарлама аясында бірқатар әлеуметтік маңызы бар ірі жоба іске асырылғанына ерекше тоқталды. Оның ішінде 10 елді мекенді газдандыру арқылы аймақтың көгілдір отынмен қамту деңгейі 83 пайызға жетсе, спорт саласы бойынша халықтың сұранысына сай 6 спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілген. Сол сияқты «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 4 200 орындық 5 «Келешек мектебі» бой түзеген.
«Бұған қоса, өңірде былтыр 3 мектеп пайдалануға берілсе, тағы 6 білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар облыс халқын орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамту жұмыстары 100 пайыз орындалып тұр. Өңірде денсаулық сақтау, мәдениет, тұрғын үй құрылысы, жол және жылу желілерін жаңғырту салаларында да ауқымды істер бар. Соның ішінде тұрғын үймен қамту ісінде ілгерілеушілік байқалады. Нақты айтқанда, былтыр облыста 939,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл аймақ жұртшылығының тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспары 132 пайызға артығымен орындалғанын көрсетеді. Осы ретте әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету ерекше маңызға ие. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл сайын жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді», – дейді Жандос Базартай.
Сыр өңірінде партиялық бақылау комитеттерінің аймақтық және аумақтық деңгейлерде ұйымдастырылған отырыстары да оң нәтижесін көрсетіп келеді. Сол сияқты қоғамдық қабылдау аясында 8 212 арыз-өтініш түсіп, олардың 60,5 пайызы оңтайлы шешімін тапса, 3 170 өтініш бойынша заңнамалық түсіндірмелер мен құқықтық кеңестер берілген. Елді мекендерде 130 мобильді қабылдау өткізіліп, онда көтерілген 1 174 мәселенің 51 пайызы оң нәтиже көрсетіп отыр. Сонымен қатар Жол картасында көрсетілген 84 нысанға партиялық бақылау бекеттері орнатылып, бүгінде 80-і пайдалануға берілсе, есепті кезеңде мәслихаттардағы фракциялардың 61 отырысы өткізіліп, фракция мүшелерімен тиісті органдарға 1 377 депутаттық сауал жолданған.
Өңірде партиялық жобаларды жүзеге асыру бағытында да толымды тірлік бар. Бұл тұрғыда өңірде былтыр «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2 мрлд 490 млн теңгеге 297 жоба қаржыландырылыпты. Ал «Жер аманаты» жобасы бойынша 66 791 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, оның 1 626 гектары заң аясында тұрғындардың пайдалануына берілген. Бұған қоса, өңірде «Қарызсыз қоғам» жобасы шеңберінде 22 800 азаматқа қызмет көрсету көзделіп, меже 172 пайызға орындалғанын атап өтті. Нәтижесінде, былтырғы жоба қорытындысы бойынша облыс командасы республикада үздіктер қатарынан көрініп отыр екен.
Партия филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатымен атқарылған жұмыстардың да ауқымы кең. Осы орайда жүйелі жүргізілген жұмыстар нәтижесімен «Жастар Рухы» жастар қанатының облыстық филиалы республика бойынша үздік деп танылғанын ерекше атап өтуге болады.
Брифинг барысында партия филиалының төрағасы аймақта былтырғы жыл жемісті қорытындыланғанын айта келе, алдағы уақыт еншісіндегі межелі міндеттермен бөлісті.
Ербақын ЖАЛҒАСБАЙ