Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ақпараттық жүйелер кафедра меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, аға оқытушы Бақытгүл Ералықызы мемлекеттің басты құндылығы – адам мен оның бостандығы екеніне сенім білдірді.
– Бұл қағида білім беру жүйеміз үшін маңызды, себебі білім алушылардың ой еркіндігі мен шығармашылық қабілеттері олардың кәсіби жетістіктеріне ықпал етеді. Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің оқытушысы ретінде айтарым, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің білім алушыларына өзгерістер әкеледі:
Біріншіден, пікірлерін ашық айтуға және сыни ойлау қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.
Екіншіден, әділ басқарудағы рөлі мен жауапкершілікті түсінуге, басқару жүйелерінде белсенді болуға ықпал етеді. Үшіншіден, мемлекет ісіне қатысуға, өз пікірін білдіруге және демократиялық процестерге белсенді қатысуға ынталандырады.
Төртіншіден, Конституциядағы жаңашылдықтар жоғары оқу орындарының сапасын арттыруға және оқу процесінің тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Бұл өзгерістер жастардың дайын ақпаратты меңгеріп қана қоймай, оны сыни тұрғыдан талдап, жаңа шешімдер іздеуге ықпал етеді. Болашақ мамандар тек кәсіби шеберлікке ие болмай, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін саналы тұлғаларға айналады. Бұл реформа – еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам, – дейді Бақытгүл Ілесова.