Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанның The News International газетіне берген сұхбаты жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
– Қазақстан мен Пәкістан арасындағы байланысқа, әсіресе, сауда-инвестициялық ынтымақтастыққа қандай баға берер едіңіз?
– Қазақстан Пәкістанмен достық қарым-қатынаста әрі халықаралық қоғамдастықта беделі биік стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Елдеріміз 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынас орнаған сәттен бері ортақ мүддемізге сай келетін бірқатар мәселе мен жоба бойынша табысты әрекет етіп келеді.
Мемлекеттеріміз ШЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК сияқты маңызды халықаралық ұйымдар аясында тығыз әрі жемісті байланыс орнаттық. Осылайша, жаһандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ орнықты дамуға үлес қосып келеміз.
Пәкістанға алғашқы мемлекеттік сапарым серіктестік көкжиегін кеңейтудің, өзара ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты. Сапар барысында қол қойылған 60-тан астам үкіметаралық және іскерлік келісім екіжақты байланысқа зор серпін берері сөзсіз.
Көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен өндіріс, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да секторлар экономикалық ынтымақтастығымыздың басым бағыты саналады.
Екі ел компаниялары бірлескен кәсіпорындар құрып, тиімді жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол деп есептеймін. Сауда-саттық саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударып отырмыз.
– Пәкістан мен Қазақстан ынтымақтастығының негізгі бағыттарына тоқтала кетсеңіз.
– Экономикалық ынтымақтастық және өңіраралық байланыс айрықша мәнге ие. Біз саяси ерік-жігерімізді нақты экономикалық нәтижеге жетуге жұмсағымыз келеді. Атап айтқанда, сауда-саттық пен инвестиция ауқымын кеңейтіп, халықтарымыз арасындағы байланысты жандандыруға ниеттіміз.
– Өңіраралық байланыс ортақ күн тәртібіндегі негізгі мәселенің біріне айналды. Қазақстан үшін бұл қаншалықты маңызды?
– Шын мәнінде, аймақаралық байланысты дамыту – күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселе. Бұл ретте Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан дәлізін құру жобасына үлес қосуға әзірміз. Біздің ойымызша, бұл жобаның өңірлерді байланыстырып, Оңтүстік Азия нарығына шығу тұрғысынан стратегиялық маңызы зор.
Пәкістанның осы стратегиялық бағытта елімізбен тығыз ынтымақтастық орнатуға ниетті екені қуантады. Мүдделі тараптар көлік-транзит жобаларын табысты жүзеге асыруға белсенді атсалысып, ортақ іске жұмыла кіріседі деп үміттенеміз.
Президент Дональд Трамптың ішкі саясаты
– Бүгінде саясаткерлердің бәрі АҚШ-тағы жағдайды жіті бақылап отыр. Сіз Америкадағы ахуалды, нақтырақ айтқанда, президент Дональд Трамптың ішкі саясатын қалай бағалайсыз?
– Президент Трамп – өте тегеурінді әрі көреген көшбасшы. Ол елінің ұлттық мүддесін әрдайым бірінші орынға қояды. Мұны АҚШ экономикасындағы жоғары көрсеткіштен, сондай-ақ қазір ел ішінде жүріп жатқан ауқымды реформалардан, әсіресе, әлеуметтік саладағы оң өзгерістерден аңғаруға болады.
Мен оның ақыл-парасатқа құрылған саясатын және заң үстемдігін орнатуға бағытталған әрекетін қолдаймын. Қазақстанда да осыған ұқсас бағдарды басшылыққа алып, қоғамда «Заң және Тәртіп» қағидатын орнықтыруды мақсат етіп қойдық. Сонда ғана еліміз осынау алмағайып заманда іргесі мықты мемлекетке айналады.
Менің ойымша, азаматтар заңды және құқық қорғау органдарының талаптарын мүлтіксіз сақтап, оларды құрметтеуге тиіс.
Ибраһим келісімі
– Қазақстан неге Ибраһим келісіміне қосылу туралы шешім қабылдады?
– Қазақстан бейбітшілік, тұрақтылық және халықаралық диалог қағидаттарын әрқашан берік ұстанады. Бұл ұстанымнан алдағы уақытта да айнымаймыз.
Президент Дональд Трамптың идеясымен жүзеге асқан Ибраһим келісімі, шын мәнінде, болашаққа бағдарланған бастама.
Осы келісімге қосылу арқылы біз дипломатияның күшіне сенетінімізді тағы да растадық. Өйткені бұл кез келген қарама-қайшылықты реттеп, өңірде және жаһанда ұзақмерзімді тұрақтылық орнатуға болатын парасатты құрал.
Қазақстанның Израильмен қарым-қатынасы жақсы. Сонымен қатар біз Палестина халқын да қолдаймыз. Екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді дәйекті түрде құптаймыз.
Ұлттық мүдде тұрғысынан қарасақ, Ибраһим келісіміне қосылу елімізге инвестиция мен озық технологияларды тартуға, басқа да қомақты экономикалық игіліктерге кенелуге берік негіз қалайды.
Қазақстанның Ибраһим келісіміне қосылуы араб пен еврей халықтарын қазіргіден де жақындастырып, анағұрлым кең мұсылман-яһуди диалогына ұласуға септігін тигізеді деп үміттенемін.
Бейбітшілік кеңесін құру
– Премьер-министр Шахбаз Шарифпен бірге Давоста президент Трамп ұсынған Бейбітшілік кеңесін құру жөніндегі келісімге қол қойдыңыздар. Бейбітшілік кеңесін Біріккен Ұлттар Ұйымына балама жасау әрекеті ретінде қабылдағандар да бар. Сіз мұны қалай бағар едіңіз?
– Бейбітшілік кеңесі – тез әрі тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін дер кезінде көтерілген аса өзекті маңызды бастама. Президент Дональд Трамптың өзі Жарғыға қол қою рәсімінде Бейбітшілік кеңесі Біріккен Ұлттар Ұйымын алмастыруды емес, оған демеу болуды көздейтінін ашып айтты. Өкінішке қарай, БҰҰ қазір институционалдық дағдарысты бастан кешіріп отыр.
Ерекше атап өтетін жайт, бұл бастама Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2803 қарарын іске асыруға ықпал етеді. Аталған қарарда бейбітшілік халықаралық легитимділік, сондай-ақ тиімді көшбасшылыққа арқа сүйеуге тиіс екені анық жазылған.
Бейбітшілік кеңесі қақтығыстарды реттеудің икемді әрі прагматикалық тетіктерін ұсынып, әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенімдімін.
Газа секторына арналған бейбітшілік жоспары
– Газа секторында ұзақмерзімді бейбітшілік орнату жоспарының болашағына сенесіз бе?
– Арнайы өкілдер Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер ұсынған жоспар жақсы ойластырылған. Меніңше, бұл аса өршіл бастама болғанымен, оны орындауға әбден болады. Жоспардың кейбір аспектілері бейбітшілік пен өсіп-өркендеуге берік негіз қалайтын даму жобасына ұқсайды.
Алайда қос халыққа арналған екі мемлекет құруға саяси ерік-жігер болмаса, қандай да бір жоспардың түбегейлі іске аса қоюы неғайбыл. Толассыз қантөгісті тоқтатып, қалыпты өмірге оралуға тек осындай шешім ғана түрткі бола алады.
Ресей-Украина қақтығысы
– Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс ұзаққа созылып кетті. Осы орайда өзіңізді араағайын ретінде көресіз бе?
– Расында, жағдай аса күрделі. Бұл жердегі ең басты мәселе – территориялық талас екенін түсінеміз. Қазақстан қақтығысты тек саяси, дипломатиялық амалдармен реттеуге болады деп есептейді. Қазіргі жағдайда бейбітшілікке қол жеткізудің жалғыз жолы – қақтығысқа қатысушы тараптарды келіссөзге келістіру. Бұған кәміл сенеміз.
Қазақстан араағайын рөлін атқаруға ұмтылмайды. Алайда еліміз келіссөздерге бейтарап алаң ұсынып, жан-жақты көмектесуге дайын.
Гренландияның болашағы
– Тәжірибелі дипломат ретінде Гренландия аумағына әскери оккупация жасалуы мүмкін деп ойлайсыз ба? Сіздің ойыңызша, қандай сценарий шындыққа жақын?
– Мен бұл мәселеге басқа қырынан қарар едім. Халықаралық тәжірибеде мемлекеттер белгілі бір аумақты немесе стратегиялық нысанды жалға алу шартын жасаған мысалдар аз емес. Әдетте ортақ мүдде және өзара тиімді мақсатқа жету тұрғысынан осындай мәмілелер жасалады.
Бір сөзбен айтқанда, осы іспеттес кез келген шешім халықаралық құқық аясында, соның ішінде БҰҰ Жарғысында бекітілген мемлекеттің егемендігін құрметтеу секілді қағидаттарды сақтай отырып қарастырылуға тиіс.
Мәселен, Америка Құрама Штаттары мен Данияға Гренландияны 120 жылға жалдау туралы келісім жасауға болар еді. Бұл мәмілеге сәйкес, Гренландия заң жүзінде Данияның бір бөлігі болып қала береді, сәйкесінше, оның егемендік құқығы бұзылмайды. Ал практикалық уағдаластықтар стратегиялық мүдделерге сай келеді.
Тараптар өзара диалог пен жауапкершілігі зор саясатты басшылыққа алып, халықаралық құқықтан ауытқымай, түптің түбінде прагматикалық әрі екі жаққа да тиімді келісімге келеді деп үміттенемін.
Қазақстандағы Конституциялық реформа
– Қазір Қазақстанда Конституция жобасы қызу талқыланып жатыр. Бұл өзгерістердің мәні неде?
– Ел тарихында ең елеулі саяси трансформация үдерісі жүріп жатыр. Бұл өзгерістер дамудың игілігін қоғамда әділ бөлуді мақсат етеді.
Мемлекеттің іргесін бекемдеу жолындағы барлық әрекетіміз елімізді жаңғыртуға, шын мәнінде Әділетті Қазақстанның негізін қалауға бағытталған.
Қазақстан «суперпрезиденттік» модельден бас тартып, тепе-теңдік жүйесі тиімді жұмыс істейтін президенттік республика үлгісіне өтті. Ол, ең алдымен, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына арқа сүйейді.
Қазір біз саяси жаңғырудың мүлдем жаңа кезеңіне қадам бастық. Конституциялық реформа аясындағы ең басты өзгерістердің қатарында бір палаталы Парламентке (Құрылтай) өту, Халық кеңесін құру және Вице-президент лауазымын енгізу сияқты бастамалар бар. Адам құқығы мен бостандығы мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жарияланады. Ал ынтымақ пен бірлік, этносаралық және конфессияаралық келісім секілді құндылықтар мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры болып қала береді.
Ел дамуының басты бағдары
– Қазақстанның қазіргі стратегиялық даму векторы қандай?
Мақсатымыз – Әділ, Қауіпсіз, Таза және озық Қазақстанды құру. Бұл ретте біз «Заң және Тәртіп» қағидатын бәрінен жоғары қоямыз. Ал халқымыздың ынтымағы қастерлі құндылық ретінде қарастырылады.
Бүгінде Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі ел саналады. Былтыр жоғары экономикалық өсім тіркелді. Ал ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллардан асты. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі тарихи межеге жетті.
Инвестициялық саясатымыз тұрақты, ашық әрі түсінікті іскерлік орта қалыптастыруға бағдарланған. Сонымен қатар біз таяу жылдары Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыруды көздейтін стратегиялық міндетті орындауды қолға алдық. Жасанды интеллект пен басқа да озық технологиялар белсенді енгізіліп жатыр.
Қазақстанды Еуразиядағы басты транзит хабына айналдырғымыз келеді.
Бұдан бөлек, еліміздің энергетика саласын жаппай жаңғыртуға кірістік. Бұл орайда шетелдік инвесторлармен бірлесіп ірі жобаларды іске асыра бастадық.
Бұл қадамның бәрі таңдаған жолымыздың қандай екенін көрсетеді. Мақсатымыз – әртараптандырылған, технологиялық тұрғыдан озық әрі әлемдік деңгейдегі бәсеке төтеп бере алатын экономика құру, халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту.