Artemis 2 адам денсаулығын Жерден алыс ғарыш кеңістігінде жаңа деңгейде тексереді

NASA-ның Artemis 2 миссиясы адам денсаулығын зерттеу тұрғысынан ерекше маңызға ие. Экипаж Жердің магнит өрісінен шығып, жоғары радиация жағдайында ұйқы, стресс, иммундық жүйе мен когнитивтік қабілеттердің қалай өзгеретінін тексермек.

Aikyn.kz Artemis 2 миссиясы аясында адамның ағзасы ғарышта қалай өзгеретінін gizmodo.com материалы негізінде талдайды.

NASA-ның Artemis 2 экипажы Айды 10 күн айналып ұшып, Жерден шамамен 250 мың мильге (≈ 402 мың км) дейін алыстайды. Бұл бұрын-соңды адам баласы бармаған қашықтыққа жақындау деген сөз. Сол себепті миссияның басты құндылығы тек ұшу емес, адам денсаулығын терең ғарыш жағдайында бұрынғыдан да нақты тексеру болмақ.

Миссия құрамында Рейд Уайзман, Виктор Гловер, Кристина Кук және Канаданың ғарыш агенттігінен Джереми Хансен бар екені айтылады. NASA-ның Human Research Program бас ғалымы Стивен Платтстың айтуынша, «ең күрделі жүйе – адамның өзі», яғни ғарыш кемесіндегі мыңдаған тетікке қарағанда экипаждың физиологиясы мен психологиясын қорғау әлдеқайда маңызды.

NASA биомедицина зерттеушілері ұзақ жылдық тәжірибесіне сүйеніп, ғарыштағы негізгі бес қауіпті атап өтті:

1. радиация, 

2. оқшаулану мен тар кеңістік, 

3. Жерден алшақтық, 

4. салмақсыздық,

5. қолайсыз әрі шектеулі орта.

Artemis 2 миссиясының ұзақтығы небәрі 10 күн. Бірақ бұл уақыттың өзі ағзада сұйықтықтың қайта бөлінуі мен вестибулярлық (тепе-теңдік) жүйедегі өзгерістерді қоздыруы мүмкін.

Фото nasa.gov сайтынан алынды.

Радиация – негізгі сынақ

Ең үлкен айырмашылық – радиация деңгейі. Artemis 2 экипажы Ван Аллен белдеулерінен өтіп, кейін Жердің магнит өрісінен тыс аймақтағы галактикалық ғарыш сәулесіне тап болады. Orion кемесі қорғанысқа есептелгенімен, NASA үшін ең маңыздысы – ішке қанша радиация өтеді және ол жасуша мен ДНҚ-ға қалай әсер етеді деген сұрақ. Платтс мұндай бөлшектердің жасушада қалдырған «ізін» микродеңгейде көруге болатынын айтады.

Осыны нақты өлшеу үшін Orion ішінде мыңдаған датчик орнатылады. Ал әр астронавт қалтасында Crew Active Dosimeter деп аталатын жеке сенсор алып жүреді. Бұл олардың сәулелену мөлшерін үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді.

Экипаж – әрі зерттеуші, әрі зерттеу нысаны

Artemis 2-де астронавтар тек ұшқыш емес – бір мезетте зерттеуші де, зерттеу нысаны да болады. Негізгі жобалардың бірі ARCHeR (Artemis Research for Crew Health and Readiness) – ұйқы, стресс, ойлау қабілеті және команда ішіндегі үйлесімділіктің өзгерісін бақылайды. Экипаж мүшелері қозғалысы мен ұйқысын тіркейтін білезік-трекер тағады. Ұшуға дейінгі және ұшудан кейінгі тесттер когнитивтік, мінез-құлықтық және ұйқы сапасындағы ықтимал өзгерістерді салыстыруға көмектеседі.

Artemis 2 экипажы терең ғарыш жағдайында алғаш рет Spaceflight Standard Measures бағдарламасына қатысады. Бұл зерттеу 2018 жылдан бері ХҒС-та жиналып келе жатқан биоматериалдармен салыстыруға мүмкіндік беріп, қоректік статус, жүрек-қантамыр жүйесі және иммундық функция сияқты көрсеткіштерді бағалайды.

Ал миссиядағы ең жаңашыл тәжірибе – AVATAR. Бұл USB көлеміндей «орган-чиптер»: ішінде тірі адам жасушалары бар микрожүйе, ол адам мүшесінің жұмысын модельдейді. Чиптер экипаж мүшелерінің өздерінен алынған биоматериал негізінде жасалған. Нәтижесінде NASA ғалымдары чиптегі өзгеріс пен астронавттың нақты ағзасындағы өзгерісті қатар салыстыра алады. Платтстың ойынша, болашақта адам ұшпас бұрын оның «аватар-чипін» ертерек ғарышқа жіберіп, қандай қауіп-қатер күтіп тұрғанын алдын ала бағалау мүмкіндігі бар.

Artemis 2 – Айды айналып өтетін ұшу ғана емес. Бұл миссия терең ғарышта адамның ағзасы қалай «жұмыс істейтінін» бұрынғыдан да дәл ашып, Айға қайта қону мен Марсқа сапарға қажет қорғаныс тәсілдерін, хаттамаларды және жеке профилактиканы жасауға жол ашпақ.