Құтты болсын!

Ұят болды-ау, ауданға әкім келгелі құтты болсын айтып кіріп шықпаған едім. Бүгін уақыт тауып әкімшілікке жел­пілдеп жетіп бардым.

Ерні дүрдиген хатшы қыз жолымды кесті.

– Ағай, баса-көктеп қайда барасыз?

– Әкімге кіремін, – дедім.

– Қандай әкім?

–  Қарындас, бұл не сұрақ? Кәдімгі аудан әкімі Талтаңбай Салпаңбаев осы кабинетте отыра ма?

– Ол кісі басқа қызметке ауысып кетті.

– Осы жақында келмеп пе еді?

– Онда менің шаруам жоқ. Ертең жаңа әкім келеді. Соны күтіп отырмыз, – деді әлгі қыз. Өкініп қалдым.

Бір апта бұрын білім бөлі­мі­нің басшысы ауысты деп естіп едім. Ең болмаса соған «құтты болсын!» айтып кіріп шығайын деген ниетпен тар­тып отырдым. 

Қап, тағы кешігіп қалып­пын. Ол ішкі саясатқа басшы­лыққа кетіпті. 

Тоқтай тұр, жа­қында мәде­ниет бө­ліміне досым Жәке­тай бастық болғалы жүзін көрме­ген едім. Бардым. Қыр­сық қылған­да Жәкең жұмыс ор­нын өзге­ртіп үлгеріп­ті. Енді ол аудандық по­лицияның бастығы дейді. Қуа­нып кеттім. Полиция де­партаментіне ке­ліп тоқтадым. До­сым жоқ. Іле-шала бұл жер­ден де қыз­метін ауыстырып­ты.

Әзірге қайда отыр­ағаны беймәлім. Қап-ай, қай­да кіріп шықсам екен? Талдың көлең­кесіне барып жайғастым. 

Таныс жігіт кездесті.

– Не істеп отырсыз?

Жағдайымды баяндадым.

Маған аудандық сотқа су жаңа төраға тағайындалғанын айтты. Сұрай келгенде сол баяғы әкімшілікте отырған та­ны­сым болып шықты.  Аудан­дық сотқа аяңдап келемін. Ішім­нен «құдай-ай ауысып кетпесе екен» деп тілеп келе жа­тырмын. Тағы жолым бол­мады. Басшылар көзді ашып-жұмғанша ауысады. «Құтты болсын!» деген бір ауыз сөзді айта алмай ақыры үйге қайт­тым.  Үйдегілер естіп қатты күлді. Шешем теледидар қарап отыр еді. Айқайлап жіберді. 

– Ауданға жаңа әкім келіпті, – деді. Жақсы жаңалықты естіп көңі­лім көтеріліп қалды. Таңертең ерте елден бұрын кіріп шы­ғамын деп шештім.

Таң атты. Бір кесе шәйді асығыс ішіп үйден шықтым. Банктен телефон соқты. Несиемнің төлем уақыты өтіп кетіпті. Банкке бардым. Енді қозғала бергенде көлігімнің газы бітіп қалды. Бензин қым­бат. Амал жоқ газдың кезегіне тұрдым. Бес сағат дегенде әрең жеттім. Түс қайта аудан әкім­шілігіне келдім. Кешегі хатшы қыз мені көріп күліп жіберді.

– Неге күлдіңіз?

– Құтты болсын айтуға келдіңіз бе?

– Иә.

– Әкім ауысып кетті. 

– Ауысқаны қалай кеше кешкілік тағайындалған жоқ па? – деп ашуландым.

– Түске дейін отырды. Қазір облысқа кетті.

– Тфу, шаруа түгілі бір ауыз сөз айтуға үлгермейтін болдық қой.

– Ертең басқа басшы келеді, – деді хатшы.

– Иә, қойшы рахмет, – деп, қолымды бір сермеп ғимарат­тан шықтым. 

Жолда келе жатып мектеп­ке соқтым. Директорға орны­ңыз құтты болсын деп едім. Ішек-сілесі қатып күлді. Сүйт­сем, отыз жыл бойы осы орын­да қозғалмай отыр екен. 

Иә, несі бар әйтеуір жаман сөз айтқаным жоқ.

Айтпақшы, басшылыққа жаңадан келгендер болса қыз­мет­­терің құтты болсын!...

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН