Электрондық үкімет сервистері, цифрлық сәйкестендіру, мемлекеттік деректер жүйелері және киберқауіпсіздік бойынша талаптар тек ведомстволық ережелермен ғана шектелмеген.
Қарлығаш Байшоланова: Жаңа Конституция жобасының жаңалығы – цифрлық трансформацияны конституциялық деңгейде мойындау
фото: Конституциялық соттың баспасөз қызметінен алынған
145
оқылды

Жаңа Конституция жобасында құқықтар мен бостандықтарды қорғау механизмдерін күшейтіп, құқықтық айқындық принципін нақтылауға басымдық берілген. Ол дегеніміз – азаматтың құқықтық қорғалуын арттыруға бағытталған деп санайды. Бұл туралы профессор Қарлығаш Байшоланова айтты. 

– Заңнамалық тұрғыда әлеуметтік ортада талқылауға ұсынылып жатқан жаңа Конституция жобасының басты артықшылығы – мемлекет пен қоғамның өзегін «адам және оның құқықтары» принципіне нақтырақ байланыстырып, құқықтық нормалардың дәлдігін күшейтуі. Жобада білім мен ғылым, мәдениет пен инновациялар мемлекеттік дамудың негізгі идеясы ретінде айқын көрсетілген және қолданыстағы конституциядан логикалық айырмашылығы – табиғи, қаржылық, инфрақұрылымдық ресурстарға емес, адами капиталға сүйенетін құқықтық бағдар қалыптастыратыны.

Қазіргі цифрлық ортаның талаптарына сәйкес, жобаның ерекше жаңалығы – цифрлық трансформацияны конституциялық деңгейде мойындап, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасын алғаш рет бекітуі. Бұл норма – цифрлық кеңістіктегі жеке өмірдің қорғалуы, дербес деректердің қауіпсіздігі, онлайн-қызметтерді пайдалану кезіндегі құқықтық кепілдіктер сияқты шараларға «ең жоғарғы құқықтық күш» деңгейінде қорғаныс қабатын қосуы.

Нәтижесінде, электрондық үкімет сервистері, цифрлық сәйкестендіру, мемлекеттік деректер жүйелері және киберқауіпсіздік бойынша талаптар тек ведомстволық ережелермен емес, конституциялық құндылықтармен үйлестіріліп дамуға мүмкіндік алады. Бұл – қазіргі цифрлық экономика жағдайында Қазақстан үшін құқық пен технологияның тоғысындағы – деректердің таралуы, цифрлық алаяқтық тәуекелдерін жүйелі түрде басқаруға бағытталған сапалы қадам деп айтуға болады, – дейді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық жүйелер кафедрасының профессоры Қарлығаш Байшоланова.