UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінің үшінші күні қазақстандық командалар үшін тарихи жетістікпен аяқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әлемнің 48 елінен келген 109 элиталық командалар бақ сынаған беделлі додада барлық үш жүлделі орын Қазақстан құрамаларына бұйырды.

«Офицерді құтқару» кезеңінде “Kazakhstan A” командасы тапсырманы рекордтық 2 минутта орындап, турнир кестесінде бірінші орынға шықты. Екінші орынды “Kazakhstan B”, ал қола жүлдені “Kazakhstan C” командасы иеленді. Осылайша, жүлделі үштік толықтай қазақстандық арнайы жасақ өкілдерінен құралды.

Бұдан бөлек, тағы екі отандық команда үздік 20-лықтың қатарына енді. “Kazakhstan D” 19-орында тұрса, “Tomiris” қыздар командасы әйелдер арасындағы үздік нәтижесін тағы бір мәрте қайталап, көптеген ерлер командаларынан озып шықты. Бұл — қазақстандық әйелдер арнайы жасағының жоғары кәсіби деңгейін дәлелдейтін айқын көрсеткіш.

Үш кезеңнің қорытындысы бойынша жалпы есепте “Kazakhstan C” командасы көш бастап тұр, ал “Kazakhstan A” екінші орыннан нық ілесіп келеді. Бұл нәтиже Қазақстан арнайы жасақтарының дайындығы мен тактикалық шеберлігінің өте жоғары екенін көрсетеді.

Алда UAE SWAT Challenge турнирінің тағы екі шешуші кезеңі бар. Ел намысын қорғап жатқан батырларымызға сәттілік тілеп, әлемдік деңгейдегі жарыстан жеңіспен оралуын тілейміз.