Парламент Сенатының Спи­кері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен жаңа Консти­туция жобасының негізгі мә­нін талқылауға арналған дөң­гелек үстел өтті.
Бастамалардың бағытын айқындады
120
оқылды

Іс-шараға Се­нат депутаттарымен бірге сарапшылар қауымдастығының, ғылыми және талдау орта­лық­тарының, салалық инсти­туттардың өкілдері, сондай-ақ Сенат жанындағы сарапшылар клубы мен Taldau Community мүшелері қатысты.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан реформалардың стратегиялық маңызына назар аударды. Сондай-ақ ол жаңа Конституция жобасы қоғамның саяси жүйені терең жаңғыртуға қатысты сұранысының жарқын көрінісі екенін атап өтті.

«Конституциялық реформа – Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздегі саяси жүйені те­рең және жүйелі жаңғыртуға бағыттал­ған бастамаларының заңды әрі дә­йек­­ті жалғасы. Жаңа Конституция жо­басының негізі заң мен тәртіп қағи­датына, азаматтардың мүдделері мен құқықтарына, сондай-ақ табиғатты қорғауға жауапкершілікпен қарауға және орнықты даму бағдарына табан тірейді. Бұл – бекітілген нақты конституциялық нормалар арқылы Әділетті Қазақстан идеясын жүзеге асырудың айқын көрінісі», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Ко­н­ституция жобасы мәні жағынан Қа­зақ­станның даму фило­софиясын жаңар­­тып, мемлекеттіліктің жаңа ке­зеңін айқындайтын тарихи құжат еке­нін айтты. Ол құ­жатты қоғамдық тал­қы­лаудың деңгейі ауқымды екенін және Конституциялық комиссия жұмысы ашық әрі жария түрде жүргізіліп жатқанын да тілге тиек етті.

«Конституциялық комиссияның жұ­мысы ашық және жария түрде жүргізілуде. Отырыстар тікелей эфирде көрсетіліп жа­тыр. Комиссияға азаматтардан көптеген өтініш-ұсыныс келіп түскені де белгілі. Іс жүзінде жаңа Конституция кең ауқым­ды қоғамдық талқылау барысында қалып­тасуда. Бүгінгі дөңгелек үстел – осы ау­қымды әрі жауапты диалогтың бір бөлігі. Алдағы кезеңде Конституцияда ай­қындалған құндылықтар мен идеяларды нақты тетіктерге, болашақ заңдар мен құ­қық қолдану тәжірибесіне көшірудің маңызы зор», – деді Сенат Төрағасы.

Басқосу барысында «AMANAT» пар­тия­сының Қоғамдық саясат институтының директоры Мадина Нұрғалиева жаңа Конституция жобасына негіз болған басты ұстанымдарды атап өтті. Оның айтуынша, Негізгі заңға ұсынылып отырған өзгерістер елдің жинақталған тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстанның институционалдық даму жолын логикалық тұрғыдан жал­ғастырады.

«Қолданыстағы Конституция тәуелсіз­дігіміздің алғашқы кезеңінде қалыптасып, енді ғана дер­бес мемлекет ретінде орны­ға бастаған елдің ұс­танымдары мен құн­дылықтарын бейнеледі. Ал жаңа Конституция жобасы Қазақстанды ке­меліне келген, қалыптасқан мемлекет ретінде танытады», – деді Мадина Нұр­ғалиева.

Қазақстанда экологияны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жаңа Конституция аясында ерекше мәнге ие болып отыр. Сала ма­ман­дарының айтуынша, жаңа консти­туциялық нормалар мемлекетке қоршаған ортаны қорғау міндетін жүктеп қана қоймай, азаматтардың да бұл үдерістерге белсенді қатысуына құқықтық негіз қа­лып­­тастырады. Жиынға қатысқан «Ұлт­тық энергия үнемдеу орталығының» басқарма төрағасы Елдос Абақановтың сөзінше, жаңа Конституция экологияға деген көзқарасты түбегейлі өзгертеді.

«Қазақстан табиғи ресурстарға бай мемлекет ретінде орнықты дамуды қам­тамасыз етуге тиіс. Пайдалы қазбалар экономикалық өсімнің маңызды факторы болып отыр, алайда басым міндет – олар­ды қайта өңдеу арқылы қосылған құнды арттыру. Қазір жаңа Консти­туция аясында бұл қағидаттар кеңейтіліп жатыр. Мемлекет экологиялық және экономикалық қауіпсіздікті қатар қам­тамасыз етеді, ал азаматтар табиғатты қорғау ісіне белсенді қатыса алады», – деді сарапшы.

Іс-шара барысында Парламент Се­на­ты Төрағасының орынбасарлары, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшелері Жақып Асанов пен Ольга Перепечина, Сенаттың Кон­ституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің Тө­рағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Нұрлан Бекназаров сөз сөйледі. Сондай-ақ Қазақ­стандық қоғамдық даму ин­сти­тутының басқарма төрайымы, Кон­ституциялық реформа жөніндегі комис­сия­ның мү­шесі Жұлдызай Ысқақова және білім беру саласының сарапшысы Мәдина Ты­ныбаева жаңа Ата Заңның жобасы жөнінде пікір білдірді. 

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша қатысушылар конституциялық реформаны сараптамалық тұрғыда сүйемел­деудің маңызды екенін айтып, алдағы уақытта сындарлы диалогты жал­ғастыруға дайын екенін білдірді.