Алайда жастар арасында белең алған зиянды әдеттер елдің ертеңіне қауіп төндіреді. Соның бірі – энергетикалық сусындарға деген әуестік. Жасөскіндер уақытша қуат беретін бұл сусынның ұзақмерзімді зардабы барын біле бермейді, білсе де елемейді. Бұл ретте көмекке мемлекет келіп, залалды «сұйықтыққа» тыйым салды. Кейінгі аптада бұл тыйымды бұзған кәсіпкерлерді жазалау басталды.
Қауіпті сусын, кешіккен тыйым
Сергектік үшін денсаулықты құрбан ету бүгінгі қоғамның ең қауіпті әдеттерінің біріне айналып барады. Сондықтан Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы энергетикалық сусындарды жастардың тұтынуына шектеу қою мәселесін пысықтауды тапсырған болатын. Тиісінше, бір жарым жылдан астам уақыт бұрын өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғауға бағытталған қатаң шектеу енгізілді. Бұл норма «Ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның құрамында 2024 жылғы 8 шілдеде қабылданды. Онда ел тарихында тұңғыш рет энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынды.
Алайда сол тыйым іс жүзінде орындалмады. Энергетиктер тәтті «газдалған сусын» кейпіне еніп, балаларға бұрынғыша еркін сатылып келді. Вейп, қорқор сияқты бұл «спиртсіз ішімдіктерге» қатысты тыйымның «тағдыры» тағы да қағаз жүзінде қалған. Неге? Себебі Әкімшілік кодексте бұл шектеуді бұзғаны үшін жаза қарастырылмады. Жауапкершілік болмаған жерде заң жүзіндегі талаптың өзі халық арагідік сескене еске алатын «ырым-тыйымға» айналып кетеді екен.
Содан тым-тырыс, үн-түнсіз отырған Үкіметке және құзырлы органдарға «аманаттық» қалаулылар қозғау салды. Экс-Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бұл сусындар бүгінде спирттен де қауіпті сипат алды.
«Энергетиктер алкогольден де қатерлі. Қазір тіпті он жастағы бала да оны емін-еркін сатып ала алады. Мемлекет басшысының ұрпақ денсаулығын қорғау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында энергетикалық сусындарды 21 жасқа дейінгілерге сатуға тыйым салынып еді», – деді депутат Мәжіліс отырысында.
Заң қабылданды, бірақ оның лайықты орындалмауы депутаттарды Үкіметке қайта жүгінуге мәжбүр етті. Елнұр Бейсенбаев энергетиктерді атауын өзгертіп, мазмұнын сол күйі қалдырып, балаларға әрі қарай сату үрдісінің белең алғанына назар аудартты. Мәжіліс депутаттарының Үкіметке жолдаған хатында мәселе ашық айтылды.
– Біздің еліміз үшін жас ұрпақтың денсаулығын жоғалту – ұлттың құруымен бірдей! Заңды орындауды созбалаңға, сөзбұйдаға салу қоғамның жауапты органдарға деген сеніміне селкеу түсіреді және халықтың денсаулығын қорғау саясатының тиімділігіне шәк келтіреді. Сонымен қатар бақылаудың нақты тетігінің жоғы мемлекеттің қоғамда «бұзушылықтарға нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастыру бағытындағы күш-жігерін жоққа шығарады, – делінген Елнұр Бейсенбаев бастаған Мәжіліс депутаттарының Үкіметке хатында.
Сондықтан былтыр ел Парламенті бұл тыйым тетігін «тірілтуге» бағытталған жаңа заң қабылдады. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заңға Мемлекет басшысы 2025 жылғы 17 қарашада қол қойды. Құжат өтпелі кезең түгесілген соң енді ғана қолданысқа енгізіліп отыр.
Айыппұл бар, әрекет керек
Құқық қорғау органдары жаңа заңдағы талаптардың лайықты орындалуына бақылау жүргізіп жатыр. Бұған «құпия сатып алушы» тәсілін қолдану кіреді. Касса үстіндегі видеокамералардың жазбалары да іріктелген түрде тексеруге ілігуге тиіс.
Биыл өмірге жолдама алған жаңа заң қолданыстағы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 199 және 423-1-баптарына түзетулер енгізді. Оған сәйкес, 2026 жылдан бастап энергетикалық сусындарды сату туралы заңнама талаптарын бұзғаны және 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындарды сатқаны үшін айыппұл төлеу түріндегі жаңа жаза қолданылады. Атап айтқанда, 199-бап негізінде энергетиктерді сату талаптарын бұзу үшін жеке тұлғаларға – 15 АЕК (2026 жылы 64 875 теңге), шағын кәсіпкерлерге – 30 АЕК (129 750 теңге), орта бизнес нысандарына – 50 АЕК (216 250 теңге), ірі кәсіпкерлерге 70 АЕК (302 750 теңге) айыппұл салынады.
Осы бұзушылықты бір жыл ішінде қайталап жасайтын болса, жеке тұлғаларға – 20 АЕК (86 500 теңге), шағын кәсіпкерлерге – 50 АЕК (216 250 теңге), орта кәсіпкерлерге – 100 АЕК (432 500 теңге), ірі кәсіпкерлерге – 120 АЕК (519 000 теңге) айыппұл салынбақ. Мұның сыртында, 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындарды сатқаны үшін жеке тұлғалар – 30 АЕК, шағын кәсіпкер – 50 АЕК, орта кәсіпкер – 80 АЕК, ірі кәсіпкер 200 АЕК айыппұл арқалайды. Бұзушылығын қайталай берсе, төлейтін айыппұлының көлемі екі есеге өседі.
Тыйым бар, тұтыну азайды ма?
Энергетикалық сусындар нарығы әлемде қарқынды өсіп келеді. Fact.MR порталының дерегінше, 2020-2025 жылдар аралығында нарық көлемі 63,2 миллиардтан 87,8 млрд долларға дейін ұлғайған. Онжылдықта бұл көрсеткіш шамамен 170 млрд долларға дейін жетуі мүмкін. Сонымен бірге қауіп те ұлғайып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі кофеин мен қантқа бай сусындар қант диабеті, семіздік, психикалық ауытқулар және жүрек-қан тамырлары ауруларына соқтыратынын ескертті.
Көптеген ел бұл сусынсымақты тек балалар мен жасөспірімдерге ғана сатуға тыйым салу жолын таңдады. Бұл ретте Қазақстан ең қатаң түрін – 21-ге дейінгі жастарды тегіс қамтыған шектеуді таңдаған санаулы, саналы елдердің қатарына қосылды.

Денсаулық сақтау, Сауда министрліктері бұл сусын түрін тұтынуға қатысты жеке статистика жоғын хабарлады. Ұлттық статистика бюросы берген мәліметке жүгінсек, Қазақстанда 2025 жылдың қорытындысында барлық сусын өндірісі, соның ішінде энергосусындар 9,7%-ға артқан. Сауда орындары бұл сусындарды сатудан 2020 жылы бір айда орта есеппен 40,1 миллиард теңге табыс тапса, 2025 жылғы желтоқсандағы (бір ай ішіндегі) табысы 208,5 миллиард теңгеге жеткен. Бұл – ел тарихындағы рекорд. Денсаумині бұл салада тыйым енгізілгенге дейін зерттеу жүргізді.
«Қазақстанда энергетикалық сусындарды тұтынудың таралуы жыл сайын артып келеді. 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 45%-ы энергетиктерді қолданып көрген. Кейіннен олардың көпшілігінде бұл тәуелділікке әкелді. Оқушылардың 12%-ы күн сайын немесе аптасына бірнеше рет энергетик тұтынады және олардың саны барған сайын өсіп келеді», – делінген министрліктің мәліметінде.
Қазақстанда энергетикалық сусындарды тұтыну деңгейін коммерциялық зерттеулер де көрсетеді. K Research Central Asia маркетингтік деректерінде жазылғандай, 2025 жылы ірі қалалар тұрғындарының 27%-ы энергетикалық сусын ішкен. Олардың 72%-ы аптасына кемінде бір рет тұтынады.
Ең белсенді тұтынушылар – 15 пен 34 жас аралығындағы жастар. Зерттеу авторлары қазақстандықтардың нақты бір брендке берілмегенін, түрлі энергетикті, нарыққа жаңа шыққан өнімдерін сынап, дәм татып көретінін тілге тиек етті. Сонымен қатар өндірушілердің жарнамаға жұмсайтын қаржысы соңғы төрт жылда 8%-ға артқан.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын және әл-ауқатын қалыптастыратын факторлар» атты зерттеуінде осы салаға қатысты дерек бар. Жаһандық ұйымның тапсырысымен HBSC мұндай зерттеулерді әр 4 жыл сайын жүргізеді. Оған сәйкес, қазіргі қазақстандық жас ұрпақ арасында 11-15 жас аралығындағы әрбір бесінші жасөспірім немесе 20,5%-ы энергетикалық сусындарды апта сайын ішеді. Бұл ретте энергетикалық сусындарды аптасына бір реттен 5-6 ретке дейін ішетін балалардың үлесі 17,5%-ды құрайды. Оның ішінде ұл балалардың (19,1%) үлесі қыз балаларға (15,8%) қарағанда жоғары.
Аға ұрпақтың қателігі неде?
Сөйтіп, құрдымға жетелеген «жалған қуат» ұрпақтың бір бөлігінің қасіретіне айнала бастағандай. Психолог Елена Мартынова жасөспірімдердің бұл сусынға қызығуының бірнеше себебін атады. Қазір әсіресе балалардың талғамы мен танымы блогерлер мен ММА жұлдыздарының соңынан еруге бейім. Өкінішке қарай, экрандағы кейбір кумирлері энергетикалық сусындарды жарнамалап, жас сананы улаудың жанама қатысушыларына айналды. Жасөспірімдердің пайымында бұл зиянды сұйықтықты жұрт көзінше ішу – ересек болып көрінудің нышаны, өзін өзгелерден жоғары әрі мықты көрсетудің амалы деп саналады екен.
– Бұл әлеуметтік дерттің түп-тамыры тек сыртқы еліктеуде жатқан жоқ, отбасылық тәрбиенің де кейбір олқылықтарынан бастау алады. Көп жағдайда ата-аналардың өздері байқаусызда балаларын осы тығырыққа итермелейді. Баланы бір мезетте сан түрлі үйірмеге, спорт секцияларына, жаттықтыру-репетицияларға жазып, оның иығына көтере алмас ауыр жүк артады. Әке-шешесінің алдындағы жауапкершілікті сезінген, олардың үкілі сенімін ақтауға тырысқан жас жеткіншек бойынан күш-қуат таппаған соң амалсыз жасанды сергектік сыйлайтын «уға» жүгінуі де мүмкін, – деді психолог.
Оның пікірінше, бұл тұста ата-аналар перзентінің физикалық және психикалық мүмкіндігін жіті қадағалауға тиіс. Егер баланың қабілетіне шектен тыс күш түсіп жатса, өмірде аса маңыздылығы жоқ дүниелерді құрбан етіп, баланың иығынан оның ауыр жүгін алып тастағаны абзал.
Маман тәжірибесінен бір мысал келтірді. «Ерлан деген бала бір мезгілде брейкинг (бұрынғыша – брейк-данс) пен киокушинкайға қатысады екен. Шамадан тыс шаршап, қуатын тауысқан соң амалсыз энергетикалық сусындарды серік еткен. Оның соңы орны толмас өкінішке әкеле жаздады: бірде, кезекті «b-boys батл» кезінде қатты жаңылысып, қайда тұрғанын, не істеп жатқанын ұмытқан ол би алаңындағы қарсыласына каратэнің қатал тәсілін қолданып жіберген. Бәсекелесін ауруханаға түсірген. Мұны естіп, есінен тана жаздаған ата-анасы «мұның есі ауысты!» деп шошынып, оны маған сүйреп әкелді. Ерлан менің алдымда еңіреп жылады», – дейді сарапшы.
Бұл жай ғана оқиға емес, бұл – ересектерге, аға ұрпаққа бағытталған жас ұрпақтың жанайқайы. Бір ғана тыйым-шектеулермен іс бітпейді. Ұрпақты шынайы қамқорлықпен, ақылды сабырмен, жан-жақты әрі дәйекті түсініктемемен тәрбиелеген абзал.
Қорыта айтқанда, сергек боламын деп саулықтан айырылып жүргендер жетерлік. Бұл нәубеттен ең құрығанда жас ұрпақты аман сақтап қалу үшін жауапты органдар жаңа заңның қалтқысыз орындалуын қамтамасыз етуге тиіс. Заң қабылданды, жазасы бекітілді, айыппұл белгіленді. Енді ең бастысы – бақылау мен жауапкершілік. Заң бар жерде – талап болуы керек. Талап бар жерде әрекет қажет.
Айхан ШӘРІП