Италияның Милан қаласында конькимен 1 000 метрге жүгіруден әйелдер арасында XXV қысқы Олимпиаданың жүлдегерлері анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл жарыстың басты ерекшелігі – алғаш рет 1 000 метр қашықтықта 3 бірдей спортшымыз жүлдеге таласты.
Олардың арасынан ең үздік нәтижені Надежда Морозова тіркеп, 1:16.00 уақыт нәтижесімен 14-орын алды. Одан кейін Елизавета Голубева 1:16.40 уақытта мәреге жетіп, 19-сатыдан көрінді. Ал Милан Олимпиадасының басталуына санаулы күн қалғанда 1 000 метрде бақ сынауға мүмкіндік алған Кристина Силаева 1:17.57 уақыт көрсеткішімен 28-орынға тұрақтады.
Әйелдер, 1 000 м. Жүлдегерлер:
1. Ютта Лердам (Нидерланд) – 1:12.31 (Олимпиада рекордын тіркеді)
2.Фемке Кок (Нидерланд) – 1:12.59
3.Михо Такаги (Жапония) – 1:13.95
Бүгін бұл бағдарламада барлығы 15 жұп жарыс жолына шықты. Енді 12 ақпан күні Надежда Морозова 5 000 метр қашықтықта бақ сынайды.
Айта кетейік, әзірше конькимен жүгіруден Людмила Прокашёва 1998 жылы Нагано Олимпиадасында қола жүлдегер атанған.