Басты мақсат – шариғат қағидаттарына сай тұрғын үй қаржыландыру тетіктерін нарыққа енгізу.
Қазақстанда исламдық ипотека іске қосылады: Отбасы банк халықаралық серіктестік орнатты
185
оқылды

Отбасы банк Қазақстан құрылысшылар одағы мен ірі құрылыс компаниялары өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізіп, исламдық ипотеканы дамыту мәселесін талқылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Басты мақсат – шариғат қағидаттарына сай тұрғын үй қаржыландыру тетіктерін нарыққа енгізу.

Сарапшылардың бағалауынша, мұсылмандардың 55%-ы балама болмағандықтан, дәстүрлі банк өнімдерін пайдаланып келеді. Ал 2 миллионнан астам қазақстандық тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж. Қазіргі екінші деңгейлі банктердің ипотекалық бағдарламаларында исламдық қаржыландыру қарастырылмаған.

Халықаралық ынтымақтастық аясында банк Пәкістандағы ірі ислам банктерінің бірі – Meezan Bank Limited-пен меморандумға қол қойды. Құжат Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға ресми сапары барысында рәсімделді.

Тараптар мурабаха, иджара және мушарака мутанакиса сияқты шариғатқа сай ипотекалық өнімдерді бірлесіп әзірлеуді, сондай-ақ тәуекелдерді басқару және комплаенс мәселелері бойынша тәжірибе алмасуды көздейді.

Қазір банкте арнайы жұмыс тобы құрылып, ислам банкингі тетіктерін тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне бейімдеу бағытында сараптамалық жұмыстар жүргізілуде. Негізгі міндет – заңнамаға өзгерістер енгізіп, исламдық ипотеканы іске қосуға құқықтық негіз қалыптастыру.

Банк төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, діни себептерге байланысты дәстүрлі ипотеканы пайдалана алмайтын азаматтар көп, ал исламдық ипотека олар үшін балама әрі қолжетімді шешім болмақ.