Атырау қаласының екі тұрғыны блогер Құралай Болатованы соққыға жыққаны үшін шартты жаза алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қыздар арасындағы жанжал жүзеге аспаған Ыстамбұл турына байланысты туындаған.
Блогер сапар үшін 100 мың теңге төлегенімен, тур өтпей қалған. Ақшасын қайтаруды талап еткен кезде, айыпталушылар оны алдап қала сыртына, зират маңына апарып, соққыға жыққан. Жәбірленушінің айтуынша, оны қолмен де, аяқпен де ұрып-соққан, балағаттап, қорқытқан. Кейін айыпталушылардың бірінің пәтеріне апарып, таңертең ғана жіберген.
Сотта жәбірленуші өзін заңсыз бостандығынан айырғанын айтып, істі ауыр бапқа қайта саралауды сұрады.

Прокурор әр айыпталушыға бір жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, оны өтеуді кейінге қалдыруды ұсынды. Жәбірленуші нақты мерзім беруді және моральдық әрі материалдық шығынды өндіруді талап етті. Айыпталушылар азаматтық талап сомасын азайтуды сұрады.
Сараптама қорытындысына сәйкес, блогердің алған жарақаттары денсаулыққа жеңіл зиян ретінде бағаланған.
Сот үкімімен Айдана Ақмурзиева мен Ақбота Нұғманова Қылмыстық кодекстің 108-1-бабы 2-бөлігінің 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысына бір жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бірақ жаза шартты түрде, сол мерзімге кейінге қалдырылды.
Сондай-ақ сот айыпталушылардан жәбірленушінің пайдасына 1 млн теңге моральдық және 2,9 млн теңге материалдық шығын өндіруді міндеттеді.