Ақтөбе облысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы құрылды. Оның құрамына саяси партиялардың өңірлік құрылымдары, 20-дан астам үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, әртүрлі сала өкілдері кірді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Облыстық коалиция жетекшісі Ербол Данағұлов өз сөзінде Жаңа Конституцияда ең алдымен адамға басымдық беріліп, азаматтардың құқықтарын кеңейтетін жаңа нормалардың енгізілгенін жеткізді.

– Біздің жаңа Ата заңымызда Мемлекеттің басты байлығы жер қойнауы емес, адам және білімді жас ұрпақ екені айқын көрсетілген. Билік тармақтарының тепе-теңдігі нығайып, азаматтардың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігі кеңейеді. Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік институттарды азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағыттап, олардың тұрақты әрі тиімді жұмыс жасауын қамтамасыз етеді, - деді ол.
Жиында «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Серік Шаңғұтов, Ақтөбе қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин, «Қазақстан Халық партиясы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары Марат Нұркеев, ««АҚ ЖОЛ» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ұлан Қозыбақов, «Respublica» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Дана Бекбауова сөз сөйледі.

Өңірлік коалиция құрамына 500-ге жуық адам енді. Олар жаңа Ата заңның тарихи маңызын тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру және құжатты қолдауға жұмылдыру мақсатында өңірдегі еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен кездеседі. Облыс бойынша 1336 іс-шара өткізу көзделген.