Ол зайырлылық қағидаттарын күшейту, білім беру жүйесін діни ықпалдан қорғау және отбасы институтының конституциялық негіздерін нақтылау қажеттігін атап өтті.
Депутат Мұрат Әбенов жаңа Конституцияда екінші әйел насихатына нақты тосқауыл қойылғанын айтты
184
оқылды

«Референдум–2026» ақпараттық алаңында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Конституциялық комиссия мүшесі Мұрат Әбенов бірқатар өзекті мәселелерге қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол зайырлылық қағидаттарын күшейту, білім беру жүйесін діни ықпалдан қорғау және отбасы институтының конституциялық негіздерін нақтылау қажеттігін атап өтті.

Депутаттың сөзінше, соңғы уақытта кейбір діни ағымдардың мектептер мен колледждерге ықпал етуі жиілеп, бұл оқушылардың еркін дамуына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, мемлекеттік қаржыландырумен жұмыс істейтін білім беру ұйымдарында заңсыз діни үгіт-насихат жүргізуге жол берілмеуі тиіс екенін айтты.

– Дін өзіне қатысы жоқ жерге араласып жатыр. «Домбыра тартуға болмайды, өнермен айналысуға болмайды» деген сияқты тыйымдармен балалардың дамуына қарсылық білдіріп жатады. Сабақ уақытында балаларды мешітке апарып, шаралар өткізу – бұл бала құқығын тікелей бұзу, – деді Мұрат Әбенов.

Ол білім беру саласы мен діни қызметтің аражігін нақты айқындап, оны заңнамалық тұрғыда бекіту маңызды екенін жеткізді.

Сонымен қатар депутат қоғамда талқыланып жүрген көпәйелділік мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, мұндай бастамалар ел Конституциясының қағидаттарына қайшы келеді әрі әйелдер мен балалардың құқықтарына нұқсан келтіреді.

Конституцияның жаңартылған жобасында неке ұғымын нақтылау ұсынылып отыр.

– Бірінші әйел, екінші әйел деп насихаттау – саясатқа қарсы. Бұл жерде балалар мен әйелдердің құқығы бұзылады. Сондықтан біз Конституцияға неке тек бір ер адам мен бір әйел адамның арасында болады деп жаздық, – деп түсіндірді комиссия мүшесі.