Греция еліндегі Крит техникалық университеті – Ғылыми деректер зертханасының доценті, экономист Джордж Ацалакис Қазақстанда қаралып жатқан жаңа Конституция өзгеруі, жалпыұлттық коалицияның құрылуы, елдегі саяси реформалардың халыққа ғана емес, бүкіл әлемге әсері барын қозғады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, білім – не істеу керектігін білу. Дағды – оны қалай істеу керектігін білу, ал даналық оны қашан істеу керектігін білуде.
– Ұлы философ Аристотель «жоспарлау мен болжау – табиғатынан еркін адамды құлдан ажырататын негізгі элемент» дегендей, яғни келешегін жоспарлап, болжай алмаған адам еркіндігін жоғалтып, тәуелді болатынын айтады. Сондықтан басшылық туындайтын мүмкіндік пен қауіп-қатерді алдын ала болжай отырып, стратегия қалыптастыруы тиіс. Сол себепті көшбасшылар елді парасаттылықпен басқаруы тиіс: халықтың қажеттілігін назарға ала отырып, қоғамның ғасырлар бойы сақтап келе жатқан салт-дәстүрі мен тарихи құндылықтарын заңдық тұрғыда құрметтеуді талап етуі керек. Өйткені халықтың құндылығы болашақ үшін өте маңызды. Оның үстіне, көшбасшы өзіне дейін қалыптасқан негізге сүйенуі тиіс. Ал демократия өздігінен дамуды қамтамасыз етпейді. Егер қоғамның жұмыс істеу ережелерін құрметтей отырып, оны парасатты басқарса ғана демократияны қамтамасыз етіп, сақтай алады.
Әлем жаңа мегациклдің бастауында тұрғанда, алдағы дәуір бұрынғы кезеңдерден түбегейлі өзгеше болмақ. Демографиялық, экологиялық, экономикалық және технологиялық өзгерістер алдағы онжылдықта әлем дамитын негізгі осьті айқындайды. Бұл процестер – жеке тұлғаға да, мемлекет деңгейінде де жаңа мүмкіндіктер туғызады. Яғни, соның арқасында қоғам мен ұлттардың пайдасына жарап, өмір сүру қалпын жақсартып, еңбек етіп, өркендей түседі. Сонымен қатар осы өзгерістер жаңа сын-қатерлерді туғызады, ал бұл үкімет пен экономиканың бейімделу қабілеті мен қажетті реформалардың өтуін сынай келе, олардың алдағы экономикалық циклдің жаңа фазасына қатысуына мүмкіндік туады, – дейді экономист Джордж Ацалакис.
Экономистің айтуынша, елдің жалпы жиынтық қуаты нақты бірнеше саланың дамуына қарай белгіленеді. Кезегімен айтар болса, біріншісі – білім. Одан кейін өнертапқыштық пен инновациялық технологияларын дамыту; тауарлар мен қызметтердің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі; экономикалық өндірістің көлемі; әлемдік саудадағы үлес; әскери қуат; қаржы орталығының күші; валютаның тұрақтылығы.
– Білім – ұзақмерзімді қуаттың іргетасы. Білім деңгейінің артуы, әдетте, инновациялар мен технологиялық дамудың өсуіне әкеледі. Сондықтан елдің азаматтары мықты білім алуы керек, бұл адам бойындағы білім мен дағдыны жетілдіріп қана қоймай, қайсар мінезді, әдепті, еңбек этикасын, тұлғааралық қарым-қатынасты, ізгі қасиетті, ынтымақтастық пен қоғамға қызмет ету рухын қалыптастырады. Бұл – заңдар мен ережелерді құрметтеуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға, сыбайлас жемқорлықтың азаюына және ортақ көзқарас төңірегінде біріге алу қабілетін үйретеді.
Білімге қолжетімділік пен оны жетілдіру, азаматтардың жеке қабілеттерін дамыту – ел дамуының негізгі алғышарттары. Жастарды ел ішінде ұстап қалу және түрлі өңірлер мен ұлт өкілдерінің таланттарын тарту арқылы елдегі білікті адами капитал толығымен қамтылады. Соның арқасында елдің өркендеуіне қажетті кез келген орасан мақсаттар еңсеріледі. Оған қоса, қарапайым жұмыс болса да ескіден бас тартып, жаңа әдістерді іздестіріп, ынталандыру өте маңызды.
Әсіресе, білім мен ғылым, технология саласында жетістіксіз алға жылжу, өсу мүмкін емес. Алдағы жылдары жаһандық бәсекелестік күшейе түседі. Технологиялық артықшылық беретін талант, білім және нарық секілді негізгі элементтері жаңа технологиялық көшбасшыларды туғызуы мүмкін. Жеңіс жаңаны енгізу арқылы ғана келеді. Сол себепті мемлекеттік те, жеке сектор да жасанды интеллектіні, яғни алдыңғы қатарлы материалдардың технологиясын, биотехнологияны және Төртінші технологиялық революцияның өзге де жетістігін күнделікті қолдануға көшуі тиіс. Жасанды интеллект «ақылды автономды» әрі арзан қорғаныс жүйесін (дрондар топтамасы және т.б.) дамыту арқылы елдің қорғаныс қабілетін күшейтіп, білікті жұмыс күшін кеңінен тартуға мүмкіндік береді. «Деректер экономикасы» дәуірінде цифрлық технологиялар мен алгоритмдер күрделі міндеттерді адам қатысуынсыз орындайтын болады, – деді доценті Джордж Ацалакис.
Оның айтуынша, әлем түрлі конфигурациялар мен траекторияларды қабылдап, қат-қабаттанып жатыр. Әралуандық елдің ерекшелігін көрсете отырып, бұл оның байлығы екеніне көз жеткізеді. Сондықтан әркім өз идеясы мен қабілетін сынап көруге мүмкіндігі бар. Алайда сәтсіздікке ұшыраса, ешкім назардан тыс қалмауы керек.
– Көшбасшының рөлі өзгеге үлгі болуы тиіс. Ол саналы жоспарлап, сабырлық сақтап, табандылықтан таймауы керек. Көшбасшы деген бағытын айқындап, жол көрсетіп, соңына дейін алған бетінен қайтпауы қажет. Бағыт айқындауы және соңына дейін берік болуы тиіс. Ұзақ макроэкономикалық циклдер теориясына сәйкес, 2025 жыл – өзгерістерді құртатын кезеңнің бастауы. Салдарынан экономикалық және саяси географияны түбегейлі өзгертіп, оның әлеуметтік, экономикалық және геосаяси деңгейдегі стратегиялық тәсілдерді жаңартуға мүмкіндік беріп, экономикаға тұрақтылық пен бейімделуді әрі ұзақмерзімді өміршеңдікті береді, – дейді ол.
Экономист 56 жылдық экономикалық мегацикл диаграммасын мысалға келтіріп, әр циклдің 28 жылдық тоқырау кезеңінен және өрлеу фазасынан тұратынын көрсетті. Соның аралығында жаңа технологиялардың пайда болуымен түбегейлі әрі ауқымды өзгеріске әкеліп, экономика мен қоғамның алға жылжуына итермелеп, өнімділікті арттырады. Сөйтіп, 28 жылдық жаңа фаза циклі төменгі нүктесінен бастауына түрткі болады.
– Жаңа экономикалық циклдің басы 2025 жылға келіп тұр. Және осыған байланысты жасанды интеллект, үшөлшемді мөр, алдыңғы қатарлы материалдар, биотехнологиялар, кванттық есептеуіш сияқты базалық технологиялардың пайда болуымен алдағы онжылдықта өнімділігі арта түсіп, экономика мен қоғамды өзгерте түседі. Жаңа циклде экономиканың жас бағыттары дами түспек. Мәселен, жоғары технология және инновация саласындағы негізделе отырып, елде бар компанияларды сыртқа шегеріп немесе жаңа әрі қуатты мекемелерді шығарады.
Экономикалық қуат – жаһандық геосаясаттағы негізгі фактор. Экономикалық циклдер мемлекеттердің күшін өзгертіп, халықаралық қатынастарға, келісімдерге және бәскелестіктің динамикасына ықпал етеді. Дәл қазір түбегейлі өзгерістің уақыты келгенін түсінбеген әрбір мемлекет құлдырап, маргиналдану қаупіне тап болады. Бүгінде Қазақстандағы ауқымды реформалардың жариялануы – дәл осы жаңа экономикалық мегациклдің басына сәйкес келді. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған көзқарас пен пайымы, – дейді Джордж Ацалакис.
Қазақстандағы реформалардың серпіні
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде Қазақстанның саяси, конституциялық және экономикалық реформалардың кешенді пакетін жариялап, елдің стратегиялық басымдығын жариялады. Оның ішінде Қазақстанның бір палаталы Парламентке көшуі, жаңа конституциялық үлгіде ұлттық референдум өткізу, вице-президент лауазымын енгізу, сондай-ақ экономикалық интеграция, цифрлық трансформация және инфрақұрылымды дамыту салаларындағы негізгі басымдықтары аталды. Жоғарыда баяндалған қағидаттарға сүйене отырып, Қазақстан өз көзқарасын қалыптастыра отырып, Орталық Азиядағы қуатты әрі өркендеген мемлекетке айналмақ.
Қазақстан өзінің білген-түйгенін көрсетіп, не істеу керегін және оны қалай істеу керегін біліп қана қоймай, сонымен бірге реформаларды қашан жүргізу қажеттігін түсінетін даналыған танытты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашағына қатысты өз көзқарасын айқын әрі көрнекілікпен сипаттап, оны нақты саясатқа айналдырды. Соның арқасында халықты жігерлендіріп, осы көзқарасты жүзеге асыру мақсатында әрбір азамат өз еңбегімен үлес қосуына сендірді.
Оның үстіне, Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің бұрын-соңды болмаған тарихи кезеңге қадам басқанын әрі сол аралықта, жедел технологиялық өзгерістер мен салалық трансформациялар көп елдегідей еңбекке қабілетті жастағы халық санының қысқаруымен қатар жүретінін жақсы түсініп отыр. Бұл – Қазақстанның болашағы үшін үлкен серпіліс. Уақытты жібермей, дәл қазір әрекет етуі керек. Немесе ешқашан қозғамай, жабулы қазанды жабулы күйде қалдыру қажет, – дейді Джордж Ацалакис.
Крит техникалық университетінің доценті алдағы бес жылда көптеген елдерде демографиялық құрылым түбегейлі өзгеруі ықтималдығын жеткізді. Айтуынша, жас тұтынушылар мен инвесторлар басым болған қоғамда зейнеткерлер үстемдік етеуі мүмкін. Бұл – адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған құбылыс. Зейнеткерлер өндірмейді – олар тұтынады. Сондықтан жастары басым түскен қоғамда басымдық тұтынуға беріледі; өндіріс пен жинақтауда көбіне ересек қызметкерлер болса, ал зейнеткерлер басым болған ортада экономикалық өсімді ілгерілететін күш іс жүзінде қалмайды.
– Алайда Қазақстанның артықшылығы оның демографиялық әлеуеті өте жақсы. Нақтысын айтсақ, туу коэффициенті шамамен 3 пайызға тең; халықтың 50 %-дан астамы 30 жасқа дейінгі жастар және 25 пайыздан астамы 15 жасқа дейінгі балалар. Бұл дегеніміз – елде өндіріс, жинақ және инвестиция үшін қажетті адами капитал барын білдіреді. Яғни, Қазақстанда реформаларды жүзеге асыруға қажетті белсенді әрі жас жұмыс күші бар. Сол себепті Қазақстан дамушы компаниялар мен стартаптар үшін тартымдылығын арттыру мақсатында өз бизнес-экожүйесін жандандырып, жүйелі түрде жұмыс істеуі тиіс. Дәл осы кәсіпорындар елдің бай табиғи ресурстарымен ұштастыра отырып, болашақ табыстың негізін қалайды.
Мысалы, Қазақстан табиғи ресурсқа өте бай. Дмитрий Менделеев кестесіндегі 99 элементтің барлығы дерлік ел аумағында кездеседі. Тіпті, оның барлығы әлі толық игерілмеген. Қазақстан қорғасын, мырыш, хром және уран қоры бойынша әлемде екінші орында тұр. Сондай-ақ көмір, темір, мыс, марганец және алтын қоры бойынша әлемнің алғашқы ондығына кіреді. Бұдан бөлек, мұнай мен табиғи газдың ірі қорына ие, бұл көрсеткіш бойынша әлемде 11-орында тұр.
Бизнес табиғи ресурстарды игеру, жаңа қосылған құн бағасын жасау, бір сөзбен айтқанда, Қазақстан азаматтары үшін жаңа әрі сапалы жұмыс орындарын ашу үшін қажет. Кей мекемелер сәтсіздікке ұшыраса, дүкеннің енді бірі жабылуы ықтимал. Бірақ әр қызметкердің орны бар, соған сай әрбір азамат елі үшін маңызды және ешкім қолдаусыз қалмауы тиіс. Жастарың көбіне жұмыс орнындағы мәртебесі үшін бақталыстықтан қысым көреді. Олар бүгінгі қоғамның барған сайын бай мен кедейдің аражігі ажырап бара жатқаны алаңдатады. Ал әлеуметтік желілер бұл алаңдаушылық одан әрі күшейіп, үнемі салыстыру қызғаныш тудырады. Сондықтан жастарға білім алуына мүмкіндік беріп, өзінің инновациялық кәсіпорнын ашуына капитал қолжетімді еткен жөн, – дейді ол.
Джордж Ацалакис географиялық тұрғыдан Қазақстан – Еуразия жүрегінде, Ресей мен Қытайдың арасында орналасқан құрлықтық мемлекет. Оның теңізге шығуы солтүстік арқылы Ресейге немесе оңтүстік-батыс бағытта Таяу Шығысқа тәуелді. Сондықтан Таяу Шығыс арқылы өтетін дәліздер стратегиялық маңызға ие деп санайды.
– Құрлықтық державалардың теңіз державаларына қатысты қалай әрекет етуі жөнінде сөз қозғасақ, ендеше, «оңтайлы» стратегияны тек географияға сүйене отырып анықтау ұсынылмайды. Көп жағдайда конструктивті сауда басқыншылық пен қантөгісті соғыстан үстем түседі. Және бұл мемлекет құрлықтық па, әлде теңіздік пе, бұған қарамайды. Осы жағынан Қазақстан өзінің «құрлықтық» мәртебесінен ұтары көп. Өйткені ол жаһандық байланыс желілерінің ажырамас бөлігі болғандықтан, халқы да осы байланыстың игілігін көріп отыр.
Мемлекеттің экономикасы оның жалпы тұрақтылығы мен күш-қуатын айқындауда шешуші рөл атқаратыны белгілі. Мықты экономика көбіне әскердің қуатты болуына, әлеуметтік тұрақтылықтың және басқа да көптеген мүмкіндікке жол ашады. Экономикалық тұрақтылық, икемділік және ресурстың болуы елдің геосаяси мінез-құлқына тікелей әсер етеді.
Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіші оның жаңа көзқарасын іске асыруға берік негіз қалап отыр. Халықаралық валюта қоры дерегіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанның номиналды (ағымдағы) жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 300,05 млрд АҚШ долларын (300 052 000 000 доллар) құрады. 2025 жылғы ЖІӨ өсімі – 5,9%. Халық саны 20 843 754 болған жағдайда, жан басына шаққандағы ЖІӨ 2025 жылы 14 723 АҚШ долларды көрсетеді. Былтырмен салыстырғанда 263 долларға артты. Бұл жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің 1,8% өсіміне сәйкес келеді.
Алайда кез келген жоспарлау мен реформалар барысында ауқатты мемлекеттердің қалыптастыратын жаһандық шындығын ескерген жөн. Фукидид ескерткендей, шынайылықты дер кезінде танып-білмесе, онымен бетпе-бет келгенде әлсіз болып, күйреуі мүмкін. Мемлекет шексіз таңдау мүмкіндігіне немесе шектеусіз саясат жиынтығына ие бола бермейді. Олар өздері өмір сүріп отырған шынайылықты нақты көруі тиіс. Нәтижені айқындайтын – экономикалық және әскери шынайылық. Қажеттіліктер, императивтер, мүмкіндігі мен шектеуі талданып, осы факторлар мемлекеттің әрі қарай не істейтінін белгілейді, – дейді Джордж Ацалакис.