Судың сұрауы болмай тұр

Атырау өңірі кейінгі жылдары су тапшылығын жиі сезіне бастады. Кли­маттың құбылуы, жауын-шашын көлемінің азаюы, Жайық өзе­ніндегі су деңгейінің төмендеуі – мұның бәрі аймақтың экологиялық ахуа­лына тікелей әсер етіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, су ресурстарының азаюы ауыл шаруашылығына да, қала инф­ра­құры­лы­мына да салмақ түсіреді.

Өңірдегі күрделі мәселелердің бірі – жайылым жерлердің жетіспеуі. Мал басы көбейгенімен, су көздерінің тартылуы мен жердің тозуы салдарынан шөп шығымы төмендеп, шаруалар қыспаққа тірелуде.

Су үнемдеу мәселесі тұрмыстық дең­гей­ден бастап, өндірістік нысандарға дейін өзекті. Әсіресе, Атырау қаласы аумағын­да­ғы көлік жуу орталықтарында ауызсу көп пайдаланылады. Қазіргі есеп бойынша, облыс орталығында шамамен 140-қа жуық көлік жуу нысаны бар. Бір автокөлікті жууға орта есеппен 150-300 литр су жұм­са­латынын ескерсек, арғы жағын болжай бе­ріңіз. Көлік жуу бекеттері мен өз-өзіне қыз­мет көрсету нысандары маңында тұра­тын тұрғындар да мәселе көтеріп отыр. Олар­дың айтуынша, тәулік бойы жұмыс іс­тей­тін кейбір бекеттерде су ағыны есеп­сіз.

«Атырау облысы су арнасы» КМК сату қызметі бастығының міндетін атқарушы Гүлмира Сыдыхованың айтуынша, ауызсу ең алдымен тұрғындардың күнделікті қа­жетіне арналуға тиіс. Су ресурстары шек­теу­лі. Сондықтан техникалық нысан­дар ауыз­суды емес, қайта айналым немесе тех­­­­никалық су жүйесін қолдануы керек.

Кәсіпорын директорының орынбасары Ғасыржан Лекеров те суды басқару мә­де­ниетін қалыптастыру аса маңызды екенін ай­тады. Оның сөзінше, су тазарту жүйелері классикалық тәсілмен жұмыс істегенімен, бас­ты мәселе – есепке алу мен бақылауда.

«Жуырда Қытайдың Нинся-Хуэй ав­тономиялық өңіріне барып, ондағы су та­зарту стансасының жұмысымен та­ныс­тым. Қала халқы шамамен үш миллион адам­ды құрайды, ал тәулігіне 400 мың тек­ше метр су беріледі. Осындай ауқымды кө­лемге қарамастан, олар да бізге таныс дәс­түрлі тәсілді қолданады екен. Алдымен су тұндырғышқа жіберіледі, кейін сүзгілеу кезеңінен өтеді, соңында арнайы резер­вуарларда жиналып, тұтынушыларға та­ра­тылады. Шынын айтсам, Қытай сияқты тех­нологиясы дамыған елден мүлде жаңа, за­манауи шешімдер көремін деп ойла­ғанмын. Алайда олардың тәжірибесі бір нәр­сені көрсетті: су саласында тек инно­вация емес, ең алдымен жүйелі басқару, нақты саясат және қатаң есеп мәдениеті керек. Егер біз де осы бағытта сауатты ше­шім­дер қабылдап, жұмысты бірізді жүр­гіз­сек, алдағы уақытта су тапшылығын ең­се­ріп қана қоймай, елдің әлеуметтік тұрақ­ты­лығы мен экономикалық өсімін қам­та­ма­­сыз ете аламыз», – дейді Ғасыржан Ле­керов.

Мамандар суды қайта пайдалану жүйе­сін енгізуді негізгі шешім ретінде ұсынып отыр. Мұндай қондырғылар арқылы пай­да­ланылған суды сүзгіден өткізіп, 2-3 рет қайта қолдануға мүмкіндік бар. Қондыр­ғы­­ның құны шамамен 1,5-2 млн теңге кө­­лемінде. Жаңартылған Су кодексіне сәй­кес, көлік жуу орталықтары 2030 жылға дейін айналымдық су жүйесіне кезең-ке­зеңі­мен көшуге міндетті. Мұндай талап 2015 жылдан бері болғанымен, нақты ба­қы­лау жүрмеген еді.

Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, ша­ғын көлік жуу орындары айына ша­мамен 70 текше метр су тұтынады, ал ірі ны­сан­дардың көрсеткіші 250 текше метрге дейін жетеді. Қайта айналым технологиясы ен­гізілсе, бұл көлем кемінде үш есеге аза­юы мүмкін. «Атамекен» кәсіпкерлер пала­та­­сы Атырау облыстық филиалы дирек­то­ры­ның орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев мә­селенің екіжақты екенін айтады.

«Осыдан екі жыл бұрын бизнес иелері ке­ліп «Атырау облысы су арнасына» арыз-та­лаптарын жеткізді. Бүгінде қос тараптың да ұсынысы тыңдалып, өтініші орындалды. «Атырау облысы су арнасы» арнайы фильтр қондыруды сұрады. Ол болмаған жағ­дайда заң аясында көлік жуу орталық­тарын жабуға дейін барды. Бұл арада екі жақтың да айтар уәжі орынды. Бір жағы­нан, ауызсуды есепсіз пайдалану дұрыс емес. Екінші жағынан, кәсіпкерлерге бір­ден қатаң шара қолдану да тиімсіз. Бұл жер­де түсіндіру, кезең-кезеңімен көшу маңыз­ды, – дейді ол.

Қалай десек те, су – ортақ байлық. Оны тиімді пайдалану мәдениеті қалып­тас­пайын­ша, технология мен заңның өзі жет­кіліксіз болуы мүмкін. Қазір басты мін­­дет – нақты деректерге сүйеніп, жүйелі ше­шім қабылдау және қайта өңделген тех­никалық суды қолдану тәжірибесін енгізу бо­лып отыр. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы