Жауапсызды жол жазалайды

Қазақстанда жол-көлік оқиғаларына қатысты статистика жаға ұстатады. 2025 жылы елімізде 36 мыңнан астам дерек тіркелген. Соның салдарынан 2 330 адам көз жұмған.

Оның ішінде 285-і – бала. Тағы 50 мыңға жуық жолаушы түрлі жарақат алған. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ресми мәліметі – осы. Көлік апатының көбі елді мекендердің ішінде болған. Одан кейін республикалық маңызға ие трассалар тұр. Ал қалғаны халықаралық, облыстық және аудандық автожолдарда тіркеліп отыр.

Автобандар салынып, қауіпсіздік ша­ра­лары күшейтілгенімен, жағдай жасалған сайын азаюы тиіс ахуал кейде кері кетіп бара жатқанға ұқсайды. Тіпті, аталған ахуал жекелеген құқық қорғау орган­да­ры­ның жұмыс аясынан әлдеқашан шығып, мем­лекеттік деңгейдегі өзекті әлеуметтік проб­лемалардың біріне айналды. Өйткені әр­бір жол апатының артында адам тағ­дыры, отбасының қайғысы, қоғамның ор­ны толмас шығыны тұр.

Былтыр Қарағанды облысында 980 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 147 адам қаза тап­қан. 1 147 адам түрлі деңгейдегі дене жа­ра­қатын алған. Қауіпсіздік шаралары кү­шейтілгенімен, апат санының азаятын түрі бай­қалмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұх­батында да осы тақырып аясында қойыл­ған сұраққа жауап бере отырып, мә­се­ленің өте өзекті екенін және жол қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету үшін жаңа тех­но­логияларды енгізіп, жасанды интеллект жүйе­сін кеңінен қолдану қажетін атап өтті. Бұл шараның барлығы жол қозғалысына қа­тысушы әрбір азаматтың жауап­кер­ші­лігін арттырып, қауіпсіз әрі мәдениетті кө­лік жүргізу ортасын қалыптастыруды көз­дейді.

Жолдағы әрбір ереже  адам өмірін қор­ғау үшін жазылған. Алайда оны еле­мей­тіндер азаймай тұр. Облыстық Полиция де­партаментінің Әкімшілік полиция бас­қармасының бастығы Бағдат Кәкімовтің айтуын­ша, оқиғаларға көбіне шамадан тыс жылдамдық асыру, қарсы жолаққа шығу, жаяу жүргіншіні өткізбеу, мас күйінде рөл­ге отыру себеп болады.

– Бұл – салғырттықтың салдары, жауапсыздықтың көрінісі. Жүргізуші жол ере­жесін білмеуі мүмкін дейміз, бірақ кө­біне олар біле тұра бұзады. Ал мұндай нем­құрайдылықтың өтеуі тым ауыр. Сон­дық­тан рөлге отырған әр адам бірсәттік асы­ғыстықтың орны толмас қасіретке айналуы мүм­кін екенін ұмытпауға тиіс, – дейді Бағдат Кәкімов.

Облыс аумағында жол қауіпсіздігі мә­селесі әлі де өткір күйінде қалып отыр. Жүр­гізілген талдау түнгі уақытта болатын жол апат­тарының басты себептерінің бірі – жүргізушілердің ұйқылы-ояу күйде көлік бас­қаруы екенін көрсетті. Осыған бай­ла­ныс­ты облыстық Полиция департаменті «ҚазАвтоЖол» АҚ-мен бірлесіп, елімізде алғаш рет аркалы конструкцияларға орна­тылған қуатты әрі төмен интенсивті лазер­лерді қолдану жүйесін енгізу туралы шешім қабылдады. Қазір мұндай 11 нысан іске қо­сылған. Инновациялық жүйе жүргізу­ші­нің назарын арттырып, ұйқыны сейілтуге ықпал етеді.

Жол-көлік оқиғаларының тағы бір не­гіз­гі себебі – жылдамдық асыру. Бұл мәсе­ле­ні тежеу мақсатында елді мекендерде жә­не республикалық маңызы бар авто­жол­дарда жылдамдықты автоматты түрде тір­кей­тін «Екин-Патрол» кешендері, сондай-ақ жасырын патрульдеуге арналған «Ора­кул» жүйелері кезең-кезеңімен орнатылып жатыр. Аталған технологиялар тек заң­бұзу­шылықты тіркеумен шектелмей, жүр­гізу­шілердің жауапкершілігін арттыруға, тәр­тіп мәдениетін қалыптастыруға бағыт­талған.

Сонымен қатар жаяу жүргіншілердің қауіп­сіздігіне де айрықша назар аударылып келеді. 2024 жылғы 1 шілдеден бастап Қара­ғанды және Теміртау қаласында «Argus-­жаяу жүргінші» автоматтандырыл­ған бақылау кешендері іске қосылды. Бұл жүйе жаяу жүргіншіге жол бермеген жүр­гізу­шілерді автоматты түрде анықтайды. Ал жалпы тағы осындай 15 кешен орнату жос­парланып отыр.

Бас прокуратураның Құқықтық статис­ти­ка және есепке алу комитетінің мәлі­ме­тіне сүйенсек, биыл қаңтардың өзінде елі­міз бойынша 2015 жол-көлік оқиғасы тір­келген екен. Зардап шеккендердің саны 2 992 адам. Қаза болғандар саны – 129. Яғ­ни, қаншама бақылауға қарамастан, жол­дағы қауіп азаймай отырғанын бай­қа­та­ды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы