Министрдің айтуынша, өткен жыл саланың сенімді өсуі мен сауданың ел экономикасындағы рөлін нығайту кезеңі болды.
2025 жылы сауда ел экономикасының 26% өсіміне үлес қосты
110
оқылды

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ведомствоның алқа отырысында 2025 жылдың қорытындысына тоқталып, 2026 жылға арналған басым бағыттарды атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Министрдің айтуынша, өткен жыл саланың сенімді өсуі мен сауданың ел экономикасындағы рөлін нығайту кезеңі болды.

2025 жылы сауданың нақты көлем индексі 108,9% болып, жалпы экономикалық өсімге 26% үлес қосты. Ішкі тауар айналымы 14,6% өсіп, 80 триллион теңгеге жетті, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 69,7 триллион теңге болған. Негізгі өсімді көтерме сауда қамтамасыз етті, оның көлемі 53,5 триллион теңгені құрады, ал бөлшек сауда сегменті 26,4 триллион теңгеге жетті.

«Соңғы үш жылдың ішінде алғаш рет салалық инвестициял тұрақты өсімді көрсетті», – деді министр. Инвестициялар көлемі бірден 42% артып, 1 229 миллиард теңгеге жетті. Бұл бизнестің сауда секторына сенімінің артуын және жаңа өсу нүктелерінің қалыптасқанын көрсетеді.

Әлемдік сын-қатерлерге қарамастан, сыртқы сауда да оң динамика көрсетті. Сыртқы тауар айналымы 1,3% өсіп, 143,9 миллиард долларға жетті, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 142,1 миллиард доллар болған. Шикізаттық емес экспорт көлемі 1,2% өсіп, 41 миллиард долларға жетті. Қызмет көрсету экспорты айтарлықтай өсім көрсетіп, 3,7% арттып, 12,3 миллиард долларға жетті. 2024 жылы бұл көрсеткіш 11,8 миллиард доллар болған.

Жыл қорытындысы бойынша, сыртқы сауда балансында оң сальдо 14,2 миллиард доллар деңгейінде сақталды. Арман Шаққалиевтің сөзінше, қол жеткен нәтижелер сауданы әрі қарай әртараптандыруға, шикізаттық емес экспортты кеңейтуге және 2026 жылы интеграциялық процестерді күшейтуге берік негіз қалыптастырады.