Ақын, журналист, қазіргі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері Жүрсін Ерман “Қазақстанның Халық жазушысы” атағын иеленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Алматы қаласында Республика Сарайының сахнасында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерманның 75 жылдық мерейтойына арналған «Ұлытаудан — Алатауға» атты концерттік кеш өтті.
Іс-шара барысында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, Мемлекет басшысының Жарлығымен Жүрсін Ерманға «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы берілгенін хабарлады.
«Халқымыз Сізді беделді қоғам қайраткері әрі талантты публицист ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Айтыс өнерін жаңғыртуға қосқан үлесіңіз айрықша. Ел бірлігі мен халықтар достығын арқау еткен шығармаларыңыз оқырманға жақын әрі түсінікті. Сізге зор денсаулық пен шығармашылық табыс тілеймін», - делінген Президент құттықтауында.
Алматы әкімдігі мәліметінше, бағдарлама аясында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетіліп, жырлары оқылды, сахналық қойылымдар ұсынылды.
Айта кетейік, ақын жақында «Айқын» газетіне сұхбат берген болатын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.