Алматы қаласының мәслихаты шағын және орта бизнесті жүйелі дамытуға, қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтуге және мегаполистегі инвестициялық белсенділікті арттыруға бағытталған Almaty Business–2030 жаңа өңірлік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын бекітті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Алдыңғы Almaty Business бағдарламасы 2019-2025 жылдар аралығында іске асырылды. Осы кезеңде бюджеттен бөлінген 30,6 млрд теңге есебінен жалпы сомасы 56,5 млрд теңге болатын 793 жоба қаржыландырылды, оның ішінде 25,9 млрд теңге қаражатты қайталама игеру есебінен жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде қалада 6,4 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
Бағдарламаның әкімшісі ретінде «Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы» КММ белгіленді. Операторлар — «Алматы» ӘКК» АҚ және оның еншілес ұйымдары: Almaty Finance ЖШС мен «Almaty» МҚҰ» ЖШС.
«Оң серпінді сақтап, бизнес үшін мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында заманауи экономикалық сын-қатерлер мен Алматының стратегиялық даму басымдықтарына бағдарланған Almaty Business–2030 жаңа өңірлік кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын бекіту ұсынылады», – деді мәслихат сессиясында Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берікбол Мәндібаев.
Оның айтуынша, Almaty Business–2030 бағдарламасын қабылдау экономикасының басым салаларын қолдауды күшейтуге, әлеуметтік кәсіпкерлікті қаржыландыру құралдарын кеңейтуге, инвестициялық белсенділікті арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және Алматы қаласындағы кәсіпкерліктің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Бағдарламаны іске асыру қаланың экономикалық әлеуетін нығайтуға және тұрғындарымыздың тұрмыс деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам болатынына сенімдімін», – деді Берікбол Мәндібаев.