Ұсталған сәтте 5 миллион теңгені алып үлгерген.
Түркістан тұрғыны бүйрегін 13 миллион теңгеге сатқысы келген
104
оқылды

Түркістан қаласының ауданаралық соты ағзаларды трансплантациялау не өзге мақсатта пайдалану үшін заңсыз мәміле жасауға оқталу дерегі бойынша айыпталған тұрғынға қатысты қылмыстық істі қарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Облыстық соттың мәліметінше, айыпталушы 2025 жылдың ақпан айында өз бүйрегін сату мақсатында «Telegram» желісінде хабарландыру жариялаған. Ол ішкі істер органдарының қызметкерімен имитациялық келісім жасап, ағзасын 13 миллион теңгеге сатуды жоспарлаған. Ұсталған сәтте 5 миллион теңгені алып үлгерген.

Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, мұндай қадамға ауыр материалдық жағдай мен қаржылық қиындықтар итермелегенін айтқан. Сондай-ақ жасаған ісіне өкінетінін жеткізген.

Сот бұл әрекеттің ауырлығы орташа қылмыс санатына жататынын және нақты зиян келтірілмегенін ескере отырып, «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қолданды. 2026 жылғы 5 ақпанда сотталушы М. қылмыстық жауаптылықтан босатылып, іс жүргізу тоқтатылды.

Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.