Конституция – негізгі құқықтық құжат қана емес, сонымен бірге мемлекет пен қоғам арасындағы сенімнің негізі. Осы тұрғыда ұсынылып отырған өзгерістер билік пен азаматтар арасындағы алшақтықты қысқартуға, мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға және нақты қоғамдық сұраныстарға бағдарланған, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Референдум сайтына сілтеме жасап.
Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Болат Керімбек, Руслан Қожасбаев, өңірлік коалиция жетекшісі Арыстанғали Арын және басқа да коалиция мүшелері келді.
Жалпы, «Ақсу Қант зауыты» ЖШС – өңірдегі іргелі кәсіпорындардың бірі. 1967 жылы ашылған кәсіпорын бүгінде жетекші өндіріс орнына айналған. Зауыт ұжымымен кездесуде Мәжіліс депутаты Болат Керімбек Ата Заң жобасында шағын және орта бизнесті қолдау тетіктеріне ерекше назар аударылғанын атап өтті. Кәсіпкерлікті ынталандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және халық табысын арттыру – негізгі басымдық екеніне тоқталды.
«Конституция жобасында адам капиталын дамыту басым бағыт ретінде айқындалған. Білім мен ғылымды, инновация мен мәдениетті жүйелі қолдау азаматтардың зияткерлік және әлеуметтік әлеуетін арттыруға негіз болады. Цифрлық құқықтарды, жеке деректерді және зияткерлік меншік институтын конституциялық деңгейде қорғау – құқықтық жүйені заманауи талаптарға бейімдеудің нақты көрінісі. Бұл қадамдар елдің цифрлық экономикаға көшуіне берік негіз қалайды», – деді спикер.
Артынша сөз алған депутат Руслан Қожасбаев жаңа жобада ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік және экономикалық қолжетімділікті кеңейту, ауыл шаруашылығын қолдау, фермерлер мен агроөнеркәсіп кәсіпорындарын дамыту, табиғи ресурстарды экологиялық тепе-теңдікті сақтай отырып тиімді пайдалану турасындағы мәселелер таразыланғанын жеткізді.
Айта кетейік, «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа Конституция жобасының мазмұнын тұрғындарға жан-жақты түсіндіру, қоғамдық талқылауға мүмкіндік жасау және ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтарды ортақ іске жұмылдыру мақсатында ауқымды жұмыс жүргізуде.