Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда күн тәртібіне шығарылған заңдар қаралды және Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамы жаңартылды. Сондай-ақ іс-шарада сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.
Жаңа Конституция ережелерін түсіндіру үшін өңірлерге барады
131
оқылды

Отырыс барысында палата Спикері 19 ақпан мен 5 наурыз аралығында сенаторлар халықпен кездесу және азаматтарға жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндіру үшін өңірлерге баратынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес 15 наурызда жаңа Конституция жобасына байланысты республикалық референдум өтеді. Осыған орай депутаттар консти­туциялық реформалардың мәнін халыққа түсіндіру үшін өңірлерге барады. Кездесулерде халықпен ашық диалог құрып, конституциялық өзгерістер – Президентіміздің саяси бағдарының жүйелі жал­ғасы және «Әділетті Қазақстан» тұжырымдама­сы­ның институционалдық негізі екеніне баса мән беру қажет. Қолға алынған бас­тама­ларды азамат­тардың дұрыс түсініп, қабылдауы – реформаларды табысты жүзеге асырудың басты кепілі», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» Консти­туциялық заң жобасы бойынша Парламент палата­ларының бірлескен комиссиясының құрамын бекітті. Осылайша, комиссияның бұрын бекітілген құрамына Сенаттан Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Советбек Медебаев қосылды. Ал бұған дейін палата атынан аталған құрам мүшесі болған Нау­рыз­бай Байқадамов жаңа лауазымға тағайын­далуына байланысты комиссиядан шыққан еді.

Күн тәртібінде қаралған келесі мәселе – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыру туралы келісімді рати­фикациялау туралы» заң. Іс-шарада бұл жобаларды іске асыру энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, «жасыл» технологияларды енгізуге және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға ықпал ететіні айтылды.

«Қаралған заң еліміздің аумағында жаңар­тылатын энергия көздері саласындағы ірі жоба­ларды ілгерілету үшін әзірленген. Осы мақсатпен келісім аясында ірі жобаларды іске асырудың негізгі шарттары мен тәртібі анықталып отыр. Мақұл­данған заң жаңартылған энергия көздерінен алына­тын энергияның үлесін арттыруға, инновациялық технологияларды енгізуге және зиянды қалдық­тардың көлемін қысқартуға мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.

Келісім аясында Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарында жел және күн электр станса­ларын салу көзделген. Әр нысан энергия өндірумен қатар оны жинақтауға арналған инфрақұрылымды қамтитын жоғары технологиялық кешен ретінде құрылмақ. Ынтымақтастықтың маңызды шарты – ұзақмерзімді тұрақтылық: яғни, аталған жобалар аясында электр энергиясын сатып алу жөніндегі шарттар 25 жылға есептелген.

Сонымен қатар туризм және балалар спорты мәселелеріне қатысты заңнамалық түзе­тулер де қаралды. Сенаторлар мақұлдаған «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық акті­леріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң мемлекеттің стра­тегиялық басымдықтары – ұлттық экономиканы әртарап­тандыруды және адам капиталын дамытуды іске асыруға арналған. Бұл ретте сөз туристік саланы және балалар-жасөспірімдер спортын дамыту үшін ұзақмерзімді құқықтық база қалып­тастыру, сондай-ақ экономикалық өсу, әлеуметтік даму және халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін жағдай жасау туралы болып отырғанын атап өткен жөн.

«Қаралған заң туристік саланы, сондай-ақ бала­лар мен жасөспірімдер спортын қолдауды реттейтін заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағыт­талған. Туризм саласында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін қолданыстағы норма­ларды жаңарту және жаңа тетіктер енгізу көзделіп отыр. Мақұлданған заң туризм саласын экономика­ның басым бағыттарының біріне айналдыруға және балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға оң сеп­тігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Мақұлданған заң арқылы туризм және спорт салаларын жүйелі жаңғыртуға бағытталған Қазақ­стан Республикасының 13 заңнамалық актісіне өзге­рістер енгізіледі. Атап айтқанда, бюджеттік және бюджеттен тыс қаражатты жұмсаудың ашық­тығын қамтамасыз ету үшін спорт саласындағы бюд­жеттен тыс қаражатты бөлу жөніндегі бірыңғай оператордың қаржылық есептілігінің міндетті жыл сайынғы аудиті бойынша норма енгізілді. Сондай-ақ балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің (БЖСМ) мәртебесі қосымша білім беру ұйымы ретінде бекітіліп, жан басына шаққандағы қаржы­ландыру нормативі мен мемлекеттік тапсырыстың бірыңғай қағидалары қарастырылды. Деректерді есепке алу және талдау үшін дене шынықтыру мен спорттың цифрлық платформасы құрылады. Осы­ған байланысты мемлекеттік спорт ұйымдарының деректерді цифрлық платформаға беру міндеті белгіленді.

Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.