Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласында 13 жастағы жеткіншекті қаскөйлерден аман алып қалған Нүркен Омаровты марапаттады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Облыс әкімі Нүркен Омаровқа өңір тұрғындары атынан алғыс білдіріп, оған алғыс хат пен 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификат табыс етті.
«Сіздің жылдам әрекетіңіз бен батылдығыңыздың арқасында жасөспірімнің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Сын сәтте жауапкершілікті өз мойныңызға алып, дұрыс шешім қабылдауыңыз – адамгершілік пен парасаттылықтың жарқын үлгісі. Бұл іс-әрекетіңіз өскелең ұрпаққа азаматтық сана мен құқықтық мәдениетті қалыптастыруда үлгі болады. Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға шаттық пен береке тілеймін», – деді Ербол Қарашөкеев.
Сонымен қатар облыс әкімі Нүркен Омаровтың азаматтық үлгісі үшін оның ата-анасына да алғыс білдіруді тапсырды. Ерен ерлік көрсеткен азаматтың әлеуметтік жағдайына назар аударып, тұрақты жұмыспен қамту мәселесін қарастыруға жауапты тұлғаларға тапсырма берілген.
Кездесу барысында Нүркен Омаров: «Оқиға кезінде қыз баланың қорқып тұрғанын көріп, бір сәт те кідірмей көмекке ұмтылдым. Бұл ісімді марапат үшін емес, азаматтық және әкелік борышым деп санаймын», – деді.