Павлодар облысында анасының мәйітімен бірге тұрып келген алты жасар қыз мемлекеттік балалар үйіне жіберілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодар облысында қарт адам екі мәйітті бал және маймен өңдеп, екі жыл бойы үйінде сақтағаны туралы ақпарат тараған еді. Марқұмдардың мәйіті екі үйдің ауласынан табылған. Үйлердің бірінде қарт адам өз немересімен бірге тұрған.
Қазіргі уақытта тергеу іс-әрекеттері жүргізілуде, күдіктілер анықталған жоқ. Зейнеткер өз үйінде тұруын жалғастырып жатыр. Ал кішкентай қыз осы уақытқа дейін анасы мен атасының мәйіттерімен бірге болғандықтан, оны балалар үйіне орналастыру туралы шешім қабылданды.
Дәрігерлер қызды тексеріп, оның денсаулығы жақсы екенін анықтады. Қыз бала қажетті екпелерді алған. Алдағы күндері ол Екібастұз қаласындағы «Үміт» балаларды қолдау орталығына жіберіледі.
Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Шакенева:
«Қазіргі таңда медициналық зерттеулерге сәйкес, қыздың психоэмоционалдық, психологиялық және психикалық жағдайы қалыпты, жағдайы жақсы. Бала мемлекеттік мекемеге орналастырылғаннан кейін оған ресми қамқоршы тағайындалады. Бұл жағдайда қамқоршы мемлекеттік мекеме басшысы болады», – деді.