Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы, Конституциялық комиссияның және жалпыұлттық коалицияның мүшесі Нұрлан Бекназаров жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық талқылау аясында 16-18 ақпан аралығында Жамбыл және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында болды. Жұмыс сапары барысында өңірлер тұрғындарымен, жұртшылық, ғылыми және мәдени қоғамдастық өкілдерімен, еңбек ұжымдарымен, студент жастармен кездесулер өтті. Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндіруге баса назар аударылды.
Сенатор Құрылтай, Вице-президент институттары мен Халық Кеңесінің дамуын, сондай-ақ сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтумен қоса мемлекеттің институционалдық негіздерінің өзгеруін көрсететін ережелерге ерекше назар аударды.
Сенатор, жалпыұлттық коалиция мүшесі Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына болды және Халық Конституциясы жобасын жалпыұлттық талқылау жөніндегі жалпыұлттық коалиция жұмысы аясында жұртшылықпен, еңбек ұжымдары және кәсіпкерлік қоғамдастық өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.
Ол Тұран ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдерімен кездесті. Онда қатысушыларға жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері, сондай-ақ еліміздің бұдан былайғы қоғамдық-саяси дамуы мақсатында ұсынылып отырған өзгерістердің маңызы жан-жақты түсіндірілді.
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Ә. Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада мәдениет және өнер саласының қызметкерлерімен кездесті. Жүздесу барысында конституциялық реформаның мақсаттары мен негізгі ережелері, сондай-ақ жаңа Конституция жобасының елімізді одан әрі дамытудағы маңызы жан-жақты түсіндірілді.
Сенатор Сәкен Арубаев «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының қызметі аясында Талас ауданында жұмыс бабындағы сапармен болды.
Сапар барысында Қаратау қаласының тұрғындарымен, Talas Investment Company, «Шолақтау» тау-кен байыту кешені, «Қазфосфат» ЖШС ұжымдарымен, сондай-ақ №3 Арнаулы әлеуметтік қызметтер орталығының қызметкерлерімен кездесулер өтті. Халықтық Конституция жобасының негізгі ережелері, оның жаңалықтары және еліміздің бұдан былайғы дамуындағы маңызы ашық диалог түрінде талқыланды.
Сенатор Алтынбек Нұхұлы «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелерімен бірге Павлодар облысында ғылыми қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын түсіндіруге арналған шара өңірдегі жетекші педагогикалық жоғары оқу орны аясындағы Марғұлан ғылыми орталығында өтті. Кездесуді университет ректоры Ержан Әмірбекұлы өткізді. Талқылауға ғылыми орталықтың басшысы Тимур Смағұлов, проректорлар, декандар және ғылыми қызметкерлер қатысты.
Сенаторлар Жанболат Жөргенбаев пен Закиржан Кузиев жаңа Конституция жобасын талқылау аясында Алатау қаласында орналасқан «Кнауф Гипс Қапшағай» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті.

Кездесу барысында Негізгі заңның жаңа редакциясы жобасының ережелерін, сондай-ақ алдағы елімізді одан әрі дамыту және демократиялық институттарды нығайтудағы республикалық референдумның маңыздылығын түсіндіруге ерекше назар аударылды.
Сенатор Руслан Рүстемов өңірге жұмыс сапары аясында Исатай Әбдікәрімов атындағы жоғары политехникалық колледж ұжымымен кездесу өткізді. Шараға облыстық және қалалық мәслихаттардың төрағалары да қатысты. Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері және алдағы республикалық референдумның маңызы кездесудің негізгі тақырыбы болды. Қатысушыларға конституциялық өзгерістердің логикасы, құжатты дайындау кезеңдері және оны әзірлеу кезінде ескерілген қоғамдық ұсыныстардың рөлі жан-жақты түсіндірілді.
Сенаторлар Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов Алтай қаласында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылауға орай тұрғындарымен және құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында қатысушыларға Мемлекет басшысының бастамасымен ауқымды саяси жаңғырту аясында дайындалған Негізгі заң жобасының басты ережелері жан-жақты түсіндірілді. Мемлекеттік басқару үлгісін жүйелі жаңарту, Парламенттің рөлін күшейту, қоғамдық бақылау тетіктерін кеңейту, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сенатта Қазақстанның неміс жастары одағының активімен кездесу өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 25 өкіл келді. Сенатор Евгений Больгерт жастармен ашық диалог түрінде әңгіме өрбітті. Жаңа Конституция жобасының ережелері, парламенттік реформаның негізгі бағыттары, оның ішінде Парламенттің бір палаталы үлгісіне көшу тақырыбына баса назар аударылды.
Сенатор Дархан Қыдырәлі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған дөңгелек үстел жұмысына қатысты. Шараны танымал ғалымдардың, сарапшылардың және академиялық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі ұйымдастырды.
Сенатор Бекболат Орынбеков жалпыұлттық коалицияның республикалық штаб мүшелерімен бірге Жамбыл облысының Қордай ауданында болды. Жұмыс сапары халықтық Конституция жобасын бүкілхалықтық талқылау аясында өтті. Сенатор аудандық Мәдениет үйіне барып, онда мәслихат депутаттарымен, жұртшылық өкілдерімен, ардагерлермен және аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесудің негізгі тақырыбы жобаның мазмұнын және оның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдігін күшейтуге бағытталған негізгі ережелерін талқылау болды. Бекболат Орынбеков Ата Заңның жаңа редакциясы қоғамның нақты сұраныстарын көрсететінін атап өтті.
Жалпыұлттық коалиция қызметі аясында жаңа Конституция жобасы мен алдағы республикалық референдумды түсіндіруге арналған кездесулер Жалағаш ауданында өтті. Шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Руслан Рүстемов қатысты.
Коалиция өкілдері сол күні Жалағаш ауданының денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді. Азаматтардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік саясаттың тұрақтылығы және Конституцияның мемлекеттік кепілдіктерді нығайтудағы рөлі басты назарда болды.