Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов Өзбекстан Республикасының Тау-кен өнеркәсібі және геология министрі Бобир Исламовпен кездесті.
Қазақстан мен Өзбекстан геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
94
оқылды

Кездесу барысында геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралды. Салалық ынтымақтастықтың дәйекті оң динамикасы және бейінді ведомстволар арасындағы практикалық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы аталып өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

2025 жылғы қарашада Қазақстан Президентінің Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру шеңберінде сирек жер және критикалық материалдар бойынша бірлескен жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізудің маңыздылығына назар аударылды.

Геологиялық саланы цифрлық трансформациялау бағытындағы ынтымақтастық перспективаларына, оның ішінде ұлттық цифрлық геологиялық ортаны қалыптастыруға және геологиялық деректерді өңдеу мен интерпретациялаудың заманауи талдамалық құралдарын енгізуге ерекше назар аударылды. Цифрлық шешімдерді қолдану геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелілігін арттыруға, жер қойнауын пайдаланудың инвестициялық тартымдылығын күшейтуге және саладағы стратегиялық жоспарлау сапасын нығайтуға ықпал ететін болады.

Сараптамалық диалогты тереңдету мақсатында геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы қазақстандық-өзбекстандық ғылыми өзара іс-қимылды жүйелі дамыту, оның ішінде бейінді ведомстволар, ғылыми-зерттеу институттары және салалық мамандар арасындағы кооперацияның маңыздылығы расталды.

Кездесу қорытындысы бойынша, тараптардың ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігі расталып, барлық деңгейде белсенді жұмыс байланыстарын қолдауға дайындық білдірілді.