Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Италия Республикасының елшісі Антонелло Де Риумен кездесті.
Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту перспективалары талқыланды
Фото: gov.kz
81
оқылды

Тараптар қазақ-итальян стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту мәселелерін талқылап, саяси диалогты дамытуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Италия Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктестерінің бірі әрі экономикамыздағы жетекші инвестор болып қала береді. 2025 жылы екіжақты сауда көлемі шамамен 17 млрд АҚШ долларын құрады, бұл экономикалық ынтымақтастығымыздың тереңдігі мен тұрақтылығын айқын көрсетеді. Соңғы 30 жыл ішінде италиялық инвестициялар көлемі 9,5 млрд АҚШ долларынан асты. Қазіргі уақытта елімізде стратегиялық секторлардың кең ауқымында 267 италиялық компания жұмыс істейді», – деп атап өтті А.Исетов.

Министрдің орынбасары сондай-ақ Антонелло Де Риуды қысқы Олимпиада ойындарының табысты өтуімен және Италия құрамасының жоғары нәтижелерімен құттықтады.

«Ойындар ең жоғары деңгейде ұйымдастырылып, бүкіл әлемде олимпиадалық құндылықтарды ілгерілетуге елеулі үлес қосты», – деді А.Исетов.

Сұхбаттастар өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделігін білдіріп, 2026 жылға арналған екіжақты іс-шаралар кестесін қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша, дипломаттар Астана мен Рим арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге ниеттерін растады.