Тергеу нәтижесінде кәмелетке толмағанға қатысты күш қолдану фактісі анықталған жоқ.
«Келісіммен болған»: кәмелетке толмаған қызды зорлады деген шенеунікке қатысты полиция ақпарат берді
121
оқылды

2 қаңтар күні Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласының 16 жастағы тұрғынына қатысты құқыққа қарсы әрекеттер туралы полицияға хабарлама түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ақпаратты Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті берді.

Тергеу барысында хат алмасулар және істің жан-жақты, объективті қаралуы үшін маңызы бар өзге де деректер анықталды.

Тергеу нәтижесінде кәмелетке толмағанға қатысты күш қолдану фактісі анықталған жоқ.

Сонымен қатар бұл жайтты жәбірленушінің өзі және анасы да растап, күдіктіге қатысты қандай да бір шағымдары жоқ екенін, қарым-қатынастың өзара келісім негізінде болғанын мәлімдеді.

Күдікті аудан әкімдігі бөлімдерінің бірінде қызмет атқарған. Арыз тіркелгеннен кейін ол атқарып отырған қызметінен босатылды.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Шыңғырлау ауданы полиция бөлімінің тарапынан жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттерінің мәліметтері Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.

Қылмыстық іс Полиция департаменті басшылығының бақылауында.