Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, Индонезияда ұсталған марқұмдардың қызы да күдікті ретінде танылған.
Атыраудағы қылмыс: марқұм ерлі-зайыптылардың қызы да Индонезияда ұсталып, күдікті деп танылды
107
оқылды

Атырау облысында жұмбақ жағдайда көз жұмған ерлі-зайыптыларға қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа мәліметтер белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, Индонезияда ұсталған ерлі-зайыпты марқұмдардың қызы да күдікті ретінде танылған.

Бұған дейін марқұмдардың күйеу баласы мен қызы Индонезияның Ломбок аралында ұсталғаны белгілі болған еді. Айта кетейік, келіншек бұған дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында болған.

Еске салсақ, 2025 жылдың күзінде Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі жоғалып кеткен. Іздеуде болғандар – 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин, оның жұбайы 1961 жылы туған Нәсіп Өтешқалиева, сондай-ақ олардың балалары 1990 жылы туған Мейрамгүл Қарабалина мен 1993 жылы туған Наурыз Мұқанғалиев.

Кейінірек отбасы үйінің ауласынан ерлі-зайыптылардың мәйіті көмілген күйде табылды. Ал олардың балалары ұзақ уақыт бойы із-түзсіз кеткендер қатарында болды.

Полиция ерлі-зайыптыларды өлтірді деген күдікпен 29 жастағы күйеу бала – Атырау облысы, Махамбет ауданының тұрғыны Сұлтан Сәрсемәлиевке іздеу жариялаған. Құқық қорғау органдары оның орналасқан жері анықталғанын және ұсталу шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр.