Маманның сөзінше, табыстың ашықтығы ең алдымен сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайтады.
Табыстың ашықтығы сыбайлас жемқорлықты тежей ме? – экономист пікірі
www.istockphoto.com
108
оқылды

Биыл елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл құжат ең алдымен экономикадағы ашықтық пен тәртіпті күшейтуге бағытталғанын айтқан еді. Табыстың ашықтығы – мемлекеттік қызметкерлер мен басқа да лауазымды тұлғалардың кірістері, мүлкі және қаржылық жағдайы туралы ақпараттың баршаға қолжетімді болуы. Экономист-сарапшы Ләззат Жанмолдаеваның айтуынша, табыс ашықтығы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың, яғни күнделікті өмірдегі пара беру немесе алу, дәрігерге, мұғалімге, әкімдік қызметкерлеріне сыйлық беру сияқты әрекеттердің алдын алуға ықпал ететін маңызды құралдардың бірі,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс. Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек», – деген еді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Маманның сөзінше, табыстың ашықтығы ең алдымен сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайтады. 

«Лауазымды тұлғалардың қаржылық жағдайының жария болуы олардың кірісі мен мүлкін бақылауға мүмкіндік береді. Мәселен, мемлекеттік қызметкердің ресми кірісі белгілі болса және кейін табысы кенеттен артқан жағдайда бұл пара алу белгісі ретінде қарастырылуы мүмкін. Осылайша, мұндай деректің қолжетімді болуы заңсыз әрекеттерді анықтау ықтималдығын арттырады және жемқорлық жасау тәуекелін азайтады. Халықаралық зерттеулер де ашықтықтың сыбайлас жемқорлықты айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беретінін көрсетіп отыр», – деп атап өтті Ләззат Жанмолдаева.

Мысалы, бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің кіріс декларациясы ашық түрде жарияланып отырады. Ал азаматтар ресми дереккөздер арқылы ақпаратты тексеріп, талдай алады. Сәйкесінше, бұл тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа деген тәуекелді азайтады. Сарапшының айтуынша, эксперименттік зерттеулердің нәтижесі табыстың ашықтығы пара алу деңгейін шамамен 10%-ға азайтқанын көрсеткен.

«Сонымен қатар  цифрлық технологиялар арқылы да ашықтықты күшейту мүмкіндігі бар. Онлайн қызметтер мен банктік аударымдарды ашық бақылауы азаматтарға қаржылық транзакцияларды тексеруге мүмкіндік береді, бұл да тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске өзінің оң әсерін тигізеді. Табыстың ашықтығы тек қана бақылау немесе тергеп-тексеру арқылы емес, сонымен қатар заң арқылы қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – тәжірибе жүзінде өзінің тиімділігін дәледеген тәсіл», – дейді Ләззат Жанмолдаева.