Танымал әнші Саят Медеуов әлеуметтік желілерде дінді насихаттайтындарға қатысты заңдық бақылауды күшейтуді ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол бұл пікірін Qazaq Airan YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.
Әншінің айтуынша, қоғамда діни тақырыпта шектен тыс пікір айтып, елге ақыл үйрететіндер көбейген.
«Діни жағынан артық кетіп жатқан тұстарымыз бар. Интернетте отырып алып, елге ақыл айтып, дінді насихаттап отырғандардың барлығын заң аясында реттеу керек. “Мынаны істесең ғана дұрыс, істемесең болмайды” деп талап қоюдың бәрін саралап, орындысын ғана қалдыру қажет. Мұның барлығын діни басқарма қадағалауы тиіс. Қажет болса, айыппұл да салынуы керек. Дін атын жамылып, орынсыз үгіт-насихат жүргізетіндер бар. Ондайларды тоқтату қажет. Елді ірітпесін», – деді әнші.
Сондай-ақ ол орамал тағып, кейін шешіп тастаған әріптестері туралы да пікір білдірді.
«Орамал абыройды жаппайды, абыройды ақыл жабады. Орамал тағып жүріп, орынсыз сөйлеген жандарды да көрдік. Бір әріптесіме “өнерді жалғастырсаңшы” дегенімде, ол маған “намаз оқымайтыныңа жаным ашиды” деген еді. Мүмкін, мен намаз оқымағаныма кінәлі шығармын. Бірақ менің түсінігімде әр адам – өз-өзіне жауапты. Кей жағдайда ақылды адамның пайымы кез келген уағыздан биік болуы мүмкін. Міндетті түрде “молда айтты” екен деп, соның бәрімен келісу керек деген ойға қосыла бермеймін», – деді Саят Медеуов.