Оқу-жаттығу кезеңінде 87 шақырым бөгет нығайтылды, 1 715 су өткізу құрылыстары, 750 шақырым арық пен канал тазартылды, 59 мың тонна инертті материалдар дайындалды, сондай-ақ 383 мың текше метр қар шығарылды.
«Көктем-2026»: Қазақстанда су тасқынына қарсы ауқымды оқу-жаттығу ұйымдастырылды
110
оқылды

Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарға одан әрі жетілдіру, сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтерінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын көктемгі кезеңге дайындау мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл іс-шара көктемгі кезеңдегі су тасқыны жағдайының қолайсыз дамуы кезінде ТЖ алдын алуға және оларды жоюға бағытталған барлық жерлерде шынайы су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу бойынша бірыңғай кешенді міндет форматында ұйымдастырылды.

Практикалық бөлім шеңберінде халықты құлақтандыру, ақпараттандыру, қорғау бөгендерін нығайту, су өткізу құрылыстарын, каналдар мен арықтарды тазарту, инертті материалдарды дайындау, қар шығару, сондай-ақ авариялық-құтқару және іздестіру жұмыстарын, зардап шеккен халықты эвакуациялау және орналастыру жөніндегі іс-шараларды пысықтау бойынша іс-шаралар өткізілді.

Оқу-жаттығу кезеңінде 87 шақырым бөгет нығайтылды, 1 715 су өткізу құрылыстары, 750 шақырым арық  пен канал  тазартылды, 59 мың тонна инертті материалдар дайындалды, сондай-ақ 383 мың текше метр қар шығарылды.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына 933 тұрғын үй мен 70 әлеуметтік нысанның, оның ішінде қарттар үйлерінің, интернаттар мен сәбилер үйлерінің аула аумақтарын қардан тазалауға көмек көрсетілді.

Өңірлерде ТЖ алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялардың, су тасқынына қарсы және эвакуациялық комиссиялардың, азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдары  жедел штабтарының жұмысы ұйымдастырылды, олардың нәтижелері бойынша көктемгі кезеңнен қауіпсіз өту жөнінде тиісті шешімдер қабылданды.

Аумақтың қауіпсіздік паспорттарын, ТЖ жою жөніндегі іс-қимыл жоспарларын, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі қызметтерінің өзара іс-қимылы жөніндегі картографиялық материалдарды нақтылау және түзету жүргізілді, тиісті өзгерістер енгізілді.

Халықты құлақтандыру және ақпараттандыру бойынша авариялық-құтқару жұмыстарын, эвакуациялауды, инженерлік жұмыстарды жүргізу бойынша практикалық іс-қимылдарды пысықтау мақсатында оқу-жаттығу шеңберінде барлық мүдделі қызметтер мен ұйымдарды тарта отырып, тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар өткізілді, оған 8,5 мыңнан астам адам мен 3 мыңға жуық бірлік техниканы  жұмылдырылды.