Қырық ұлттан құралған «Дос­тық» ауылында қыз-келін­шектер мерекесі керемет өтті.
Малтон неге мәдениет үйінен қуылды?
70
оқылды

Мәдениет үйінің директоры баяғы Малтон әйелдер қауымы­на бір-бір жылтыраған жібек орамал таратты. Қыздарға гүл шоқтарын ұсынды. Шағын ме­рекелік концерт ұйымдастырды. Ауыл халқы мәз. Сый-құрметті кім жек көреді? Малтон бұл іс-шара туралы ауданға хабарлады. 

Ертеңіне Малтонды шұғыл түрде аудан әкімшілігіне ша­қыртты. 

Әйелі:

– Малтон, саған әкім алғыс хат беретін шығар, – деді.

– Не үшін?

– Сен, кеше әйелдерге тама­ша көңіл күй сыйладың. Жұ­рт­тың бәрі риза болып жатыр.

– Өзім де солай ойлап тұр­мын ғой, – деп Малтон мақта­нып, көлігіне отырып, орта­лыққа қарай зуылдады.

Әкімшілік алдында теме­кісін бұрқыратып мазасызданып аудан әкімі Талтаңбай Салпаң­баевтың орынбасары Қапон тұр. Жүзі суық. Қабағынан қар емес, бұр­шақ араласқан жаңбыр жа­уып тұр. Еріндері күннің көзінде кеуіп қалған тулақ секілді кезе­ріп кеткен. Бірден ашуға булық­ты.

– Әй, Малтон, не шулатып жатырсың?

– Не болып қалды, басеке?

– Әкімнің алдына неге тү­сесің?

– Басеке, мен ол кісінің ал­дын кеспек түгілі көруден аман­мын. 

– Сен, кеше қыз-келіншек­терді әкімнен бұрын неге құт­тық­тайсың? – деді беті жыбыр­лап.

Малтон шошып кетті.

– Ааа, мен ол жағын ой­ламаған екенмін. Ондай да заң бар ма еді?

– Көп сөзді доғар. Саған сол үшін сөгіс жариялаймын, – деп арыстанша ақырды.

Сөйтіп, мәдениет үйінің директоры алғыс алам деп барып, қарғыс арқалап ауылына қайтты. 

Бүгін ауыл кезекті Наурыз мерекесіне қызу дайындалып жатыр. Мерекеге аудан әкімі ке­леді. Малтон ауыл тұрғын­дарына Наурыз мейрамымен ешкім бір-бірін алдын ала құттықтамауды өтінді. Әйтпесе, өткендегідей тағы басы пәлеге қалады.

Әзірге бәрі әкім орынбасары Қапонның сценарийімен өтіп жатыр. Әкім халыққа жарты сағат тебіреніп тілек айтты. Көзіне жас алған жандар да бар. Бір кезде қазан басында жүрген Қайрақбай Малтонға жүгіріп келді.

– Малтеке, наурыз көженің дәмін көріңізші, – деді. Қо­лында бір кесе көже бар. Малтон ойында іштеңе жоқ, көжені қа­ғып салды. Мұны әкімшіліктен келген бір бас маман көріп қалды. Дереу басшысына хабар беріп үлгерді. Наурыз тойы біткен соң Малтонды тағы ауданға шақырды. Бұл жолы әкімнен бұрын көженің дәмін татып қойғаны үшін жұмыстан қуылатын болды. 

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН