Бұл туралы Израиль армиясы әлеуметтік желілерде жариялаған мәлімдемеде хабарлады.
Таяу Шығыста шиеленіс күшейді: Израиль әскері Иранға тағы да қосымша шабуылдар жасап жатыр
Фото: Fatemeh Bahrami/Anadolu Agency/IMAGO
113
оқылды

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) 1 наурызға қараған түні Иран аумағына қосымша соққылар жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы Израиль армиясы әлеуметтік желілерде жариялаған мәлімдемеде хабарлады.

Жаңа шабуылдар Иранның баллистикалық зымыран жүйелері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне бағытталғаны атап өтілді. Ал Иранның мемлекеттік БАҚ ел астанасы Тегеранда жарылыс болғанын хабарлады. AFP тілшісінің мәліметінше, қалада кемінде үш жарылыстың дыбысы естілген.

Ирандағы БАҚ: Әли Хаменеи қаза тапты

1 наурыз күні таңертең ирандық мемлекеттік агенттіктер аятолла Әли Хаменеидің қаза болғанын растады. Fars агенттігі оның резиденциясындағы жұмыс орнында өлтірілгенін хабарлады. Агенттік мәліметінше, ол 28 ақпан күні таңсәріде көз жұмған.

Өз кезегінде Ислам революциясы сақшылары корпусы «исламдық отанның егемендігін бұзушыларды жазалаймыз» деп мәлімдеді. Иран үкіметі де Хаменеитің өліміне қатысты пікір білдірді. IRNA агенттігінің хабарлауынша, үкімет: «Бұл ұлы қылмыс ешқашан жауапсыз қалмайды және ислам әлемі мен шиизм тарихында жаңа парақ ашады» деген.

Израиль мен АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясы

28 ақпан күні таңертең Израиль мен АҚШ Тегеранға және Иран аумағындағы басқа да нысандарға соққы жасады. АҚШ президенті Дональд Трамп Ислам Республикасының ядролық бағдарламасын жою ниеті бар екенін мәлімдеді. Ол Иран армиясын қаруын тастауға, ал ел тұрғындарын «өз тағдырын өз қолына алуға» шақырды.

Иран Қызыл Ай қоғамының дерегінше, соққылар салдарынан 201 адам қаза тауып, 747 адам жарақат алған. Бұған дейін Ислам Республикасының билігі Минаб қаласындағы қыздарға арналған мектепте 108 оқушының қаза болғанын хабарлаған. The Guardian басылымы бұл қалада Ислам революциясы сақшылары корпусының базасы орналасқанын еске салды. Израиль мен АҚШ бұл ақпаратқа түсініктеме бермеді.

Иран жауап ретінде Израиль аумағына және Таяу Шығыстағы АҚШ әскери базаларына соққы жасады. Израильде төтенше жағдай жарияланды. Иранның қарымта шабуылдары өңірдегі өзге елдерге де ықпал етті.

Еуропалық Одақ Таяу Шығыстағы оқиғаларға байланысты алаңдаушылық білдірді. Германия, Франция және Ұлыбритания көшбасшылары өңір елдеріне жасалған ирандық шабуылдарды айыптап, Тегеранды келіссөздер жүргізуге шақырды.