Энергетика министрлігінің кеңейтілген коллегиясында газ саласының негізгі көрсеткіштері мен стратегиялық даму жоспарлары жарияланды.
Рекордтық 68,2 миллиард м³: Қазақстанда газ өндіру жоспардан 8,6 пайызға асты
Фото: iStock
99
оқылды

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша, газ өндіру көлемі 68,2 млрд м³-ке жетіп, жоспардан 8,6%-ға асқан, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ресурстық базаны нығайту аясында Жамбыл облысындағы «Барханная» газ кен орны іске қосылды, оның қоры 1,5 млрд м³ газды құрайды. Сонымен қатар  сала дамуының 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді.

Газ тасымалдау жүйесі де ауқымды дамыды: 2025 жылы «Талдықорған-Үшарал» магистральдік газ құбыры мерзімінен бұрын пайдалануға берілді.

«Елдегі газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетіп, 13,1 млн адамға көгілдір отын қолжетімді болды. 2026 жылы газ инфрақұрылымын дамытуға 27,6 млрд теңге бөлініп, 40 жоба іске асырылатын болады. Ең бастысы – стратегиялық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңін аяқтау», – деді Ерлан Ақкенженов.

Газ өңдеу қуаттарын салуға айрықша көңіл бөлінеді. 2026 жылдың желтоқсанында жылдық қуаты 1 млрд м³ болатын Қашағандағы газ өңдеу зауыты іске қосылады. Сонымен қатар Жаңаөзенде жаңа КазГӨЗ-ге мемлекеттік сараптама алу күтілуде (0,9 млрд м³), ал Қашағандағы тағы бір ГӨЗ үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде (2,5 млрд м³).

Аталған бастамаларды іске асыру өндірудің жоғары қарқынын сақтауға мүмкіндік береді және өнеркәсіп пен халықты тұрақты ресурспен қамтамасыз етеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.