Щучинск қаласындағы дәмхана жарылысынан болған трагедиядан зардап шеккендер өмір үшін әлі күресіп жатыр.
Щучинскідегі дәмхана жарылысы: 8 адам жансақтауда, екеуінің жағдайы аса ауыр
155
оқылды

Пациентер облыстық көпбейінді ауруханада тұрақты тәуліктік дәрігерлердің бақылауына алынған, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта жарылыстан түрлі дәрежеде күйік шалған адамдарға тәулік бойы медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Қазіргі таңда дәрігерлер «Авиценна Бурабай» ЖШС ауруханасында төрт ауыр науқасқа көмек көрсетуде. Олардың барлығы дәрігерлердің жіті бақылауында. Сонымен қатар  Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Амреновамен бірге көпсалалы облыстық ауруханадағы науқастардың жағдайы тексерілді. Онда тағы төрт адам жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы ауыр болғанымен, тұрақты, дейді Ақмола облыстық  Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек. 

Облыстық  Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, төрт науқас жасанды өкпе желдету аппаратына қосылған. Оның екеуінің жағдайы аса ауыр деп бағалануда. Аймаққа Астанадан білікті анестезиолог-реаниматологтар мен эфферентологтар арнайы келіп, қазіргі уақытта гемофильтрация процедурасын жүргізіп жатыр. 

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы барлық қажетті дәрі-дәрмек, шығын материалдары мен медициналық құрал-жабдықтар жеткілікті екенін мәлімдеді. Жағдай толық бақылауда.

Бүгінде зардап шеккендерге көмек толық көлемде көрсетілуде. Мәселе Ақмола облысы әкімдігі мен Қазақстан Республикасы  Денсаулық сақтау министрлігінің ерекше бақылауында,  деп түйіндеді Нариман Ермек.