Академиялық вокалдан бөлек, тыңдармандар ішекті аспаптар квартетінің үнімен де рақаттануға мүмкіндік алады.
Астанада аналар мен аруларға арналған «Бәрінен де сен сұлу» мерекелік концерті өтеді
85
оқылды

Халықаралық әйелдер күнінде елордалық «Астана Опера» театры аяулы аналар мен ару қыздардың құрметіне «Бәрінен де сен сұлу» концертін ұсынады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

7-8 наурызда  Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында опера труппасының жарқын солистерінің орындауында әйелдің сұлу да парасатты, мейірімді де дана бейнесі ән болып қалықтайды.

Бұл күндері сахнаға театр солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова, Жанат Шыбықбаев, Жан Тапин, «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинова, Мәдина Исламова, Елена Ганжа, Лейла Аламанова, Ержан Саипов, Мерей Қадырханов және театрдың басқа да жарық жұлдыздары шығады. Олардың орындауында танымал қазақстандық және шетелдік композиторлардың көпшілік ұнатқан туындылары шырқалады. Қазақ вальсінің королі атанған сазгер Шәмші Қалдаяқовтың осы мерекелік концертпен аттас «Бәрінен де сен сұлу» әйгілі әні кештің өзегіне айналмақ.

Академиялық вокалдан бөлек, тыңдармандар ішекті аспаптар квартетінің үнімен де рақаттануға мүмкіндік алады. Екі күн бойы фортепиано партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова орындайды.

Осынау мерекелік кештерде сахнаға шығуға дайындалып жатқан театр солисі Сұлтан Бақытжан барлық қыз-келіншекті 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтап, оларға зор денсаулық және мол бақыт тіледі.

– Мен үшін әйелдің орны қашанда ерекше. Нәзік жандылар жылулық пен ізгіліктің бастауы, отбасының ырыс-берекесін сақтаушы деп білемін. Олардың төл мерекесінде сахнаға шығып, өзімнің құттықтауымды ән арқылы жеткізу мен үшін үлкен бақыт. Махаббат пен сезімге, шабыт пен қуанышқа толы өнер көрсетулерімізбен көпшілікке  ұмытылмас көңіл күй сыйлауға тырысамыз,  деп атап өтті баритон Сұлтан Бақытжан.

Сондай-ақ алдағы концерттерде өз өнерін ортаға салатын опера труппасының солисі Артур Ғабдиев те әріптесінің тілегіне қосылды. Опера әншісі Нұрғиса Тілендиевтің «Жан сәулем» және Шәмші Қалдаяқовтың «Құшақ жайған қандай адам» әндерін орындауға дайындалуда.

Артур Ғабдиев жыл сайын бұл күнді анасы мен сүйген жарын, әпке-қарындастарын құттықтаудан бастайтынын, отбасындағы нәзік жандылар оған өмірде де, өнерде де жаңа жетістіктерге жетуге шабыт беретінін айтты.

– Асыл аналарымыз бен сұлу аруларымызды шуақты мерекелерімен  құттықтаймын! Әйелдер қауымы өмірдегі барлық құрметке лайық. Оларға бұл күні тек жағымды эмоциялар, шексіз бақыт пен зор денсаулық тілегім келеді. Барлық ауыртпалық сіздерді айналып өтсін және арайлап атқан әрбір таң тек қуаныш әкелсін, – деп қорытындылады тенор.

Концерттердің басталуы сағат 17.00-де.