Ауқымды мәдени-рухани шараға қаламгерлер, инженер-ғалымдар, еңбек адамдары, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
«Әулет» романы үшін 10 миллион теңге: «Еңбек адамы – 2025» байқауының жеңімпаздары анықталды
104
оқылды

үгін Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы бірлесіп ұйымдастырған «Еңбек адамы – 2025» республикалық шығармашылық байқауының салтанатты марапаттау рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ауқымды мәдени-рухани шараға қаламгерлер, инженер-ғалымдар, еңбек адамдары, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Байқау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасын қолдау мақсатында өткізілді. Жобаның басты мақсаты – өндіріс пен инженерлік саланың қоғамдағы мәртебесін арттыру, еңбек адамының шынайы бейнесін көркем әдебиет арқылы кеңінен насихаттау болды.

​Салтанатты шараны Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, академик Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов және Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Мереке Әбдешұлы Құлкенов ресми түрде ашып берді.

Мереке Әбдешұлы өз сөзінде бүгінгі басқосудың ел руханияты мен өндірістік өрлеудің тоғысқан тұсында өтіп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, «Жұмысшы мамандықтар жылы» бастамасы – еңбек адамының қоғамдағы беделін көтеруге бағытталған тарихи қадам.

- Биылғы байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ден астам шығарма келіп түсті. Роман, повесть, новелла, деректі очерк пен эссе жанрларында қалам тербеген авторлар қарапайым еңбек адамын биік көркемдік деңгейде бейнелей білді. Шығармалар қазақ және орыс тілдерінде қабылданды. Шығарманың көлеміне және қатысушылардың жасына шектеу қойылған жоқ. Жинақтарда, мерзімді басылымдар мен сайттарда бұрын-соңды жарияланған шығармалар байқауға қатыстырылған жоқ. Байқауға келіп түскен шығармаларды көрнекті қаламгерлер мени әдебиетшілерден жасақталған арнайы қазылар құрамы бағалады. Қазылар алқасы жұмыстарды бағалау барысында ең алдымен тақырыптың терең ашылуына, кейіпкер болмысының шынайылығына, шығарманың көркемдік сапасына және идеялық мазмұнына ерекше назар аударды. Келіп түскен 50-ден астам шығарманың ішінен (байқау ережесінде көрсетілгендей) үздік шығармалар іріктеліп, 21 шығармадан тұратын шорт-лист жасақталды. Қорытындысында бірқатар үздік шығармалар анықталды. Бас жүлде – өндіріс озатының адамдық келбетін, кәсіби жауапкершілігін және отаншылдық рухын терең суреттеген туындыға берілді. Бірінші, екінші, үшінші орын иегерлері де еңбек адамының жан дүниесін, маңдай тердің қадірін шынайы әрі әсерлі жеткізе білді. Сонымен қатар, арнайы номинациялар бойынша жас қаламгерлер мен өндіріс тақырыбына жаңаша көзқарас ұсынған авторлар марапатталды. Бұл байқау бізге бір ақиқатты тағы да дәлелдеді: еңбек адамы – тек экономиканың тірегі емес, ол – әдебиеттің де, өнердің де лайықты кейіпкері. Зауыттағы токарь, шахтадағы кенші, зертханадағы инженер, құрылыс алаңындағы шебер – бұлардың әрқайсысы тұтас бір романға жүк боларлық тағдыр иелері. ​Қазақ әдебиеті қашанда замана үнін тыңдап, қоғам тынысын дөп басып отырған. Бүгінгі «Еңбек адамы – 2025» байқауы – сол дәстүрдің жалғасы,- деді М. Құлкенов.

Республикалық байқаудың нәтижесі бойынша қазылар алқасының шешімімен «Заманауи өндірістегі еңбек адамының бейнесі», «Инженерлердің қоғамдағы орны», «Өңірлік даму мен ерекшелікті ашқан үздік материалдар» номинациялары бойынша ынталандыру сыйлықтарын «Шахтерлер әулеті» әңгімесі үшін Көлбай Адырбекұлы, «Мұнайлы мекен тынысы» деректі очеркі үшін Амандық Абдулов, «Елтірі» хикаяты үшін Жолтай Алмашев, «Ғылымнан тапқан бақытын» деректі романы үшін Габдулсабит Юсупов, «Су және Толағай» әңгімесі үшін Ертай Айғалиев, «Көктеткен көктем екен танаптарды» эссесі үшін Нұрлыбек Саматұлы иеленді. Ынталандыру сыйлығының иегерлеріне 200 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйақы табысталды.

Байқаудың үшінші орны (1 000 000 теңге) Қанат Жанашұлы Нұрмахановқа «Қарашүңгіл – көзімнің қарасы бұл» деректі повесі үшін берілді. Екінші орын (2 500 000 теңге) – Ғалым Қалибекұлының «Несібе» хикаятына бұйырды. Ал бірінші орын (5 000 000 теңге) Қуандық Түменбайдың «Бетпақты кезген біреу» деректі әңгімесіне табысталды.

«Еңбек адамы – 2025» республикалық байқауының Бас жүлдесін «Әулет» нон-фикшн романы үшін жазушы Шархан Қазығұл иеленді. Жеңімпазға арнайы диплом, ұйымдастырушылардың төсбелгісі және 10 000 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйақы тапсырылды.

Айта кету керек, бұл байқау – еліміздің инженерлік-индустриялық дамуын қолдауға бағытталған, қарапайым еңбек адамының мәртебесін асқақтатуға арналған бірегей мәдени жоба болды.