Эвакуациялық рейс ұйымдастырылған жағдайда бірінші кезекте қолдау шаралары халықтың неғұрлым осал санаттарына, атап айтқанда қарт адамдарға, әйелдер мен балаларға көрсетілетін болады.
Таяу Шығыстағы жағдай: Ермек Көшербаев Орталық Азия елдері және Әзербайжан министрлерімен сөйлесті
Фото: gov.kz
89
оқылды

Қазақстан Сыртқы істер министрі Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның сыртқы істер министрлерімен телефон арқылы сөйлесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Қазақстан Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен, Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен, Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддинмен, Түрікменстанның Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен және Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен телефон арқылы сөйлесті. 

Сұхбат барысында министрлер Таяу Шығыстағы әскери-саяси ахуал төңірегінде пікір алмасып, дағдарыс жағдайында тығыз үйлестіру мен жедел өзара іс-қимылды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. 

Қазақстан СІМ басшысы эвакуациялық іс-шаралар мәселелері бойынша сындарлы өзара іс-қимыл үшін Әзербайжан мен Түрікменстандағы әріптестеріне ризашылығын білдірді. 

Сұхбаттастар мәселені тек саяси-дипломатиялық құралдар арқылы реттеуге ортақ бейілділігін растады, сондай-ақ халықаралық құқық нормаларын сақтау және өңірлік қауіпсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мүддесінде күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын атап өтті. 

Қорытындылай келе, тараптар азаматтарды эвакуациялау мүмкіндігін ұйымдастыру мәселелерінде қажетті қолдау көрсетуге, сондай-ақ сыртқы істер ведомстволары желісі бойынша тығыз жұмыс байланыстарын жалғастыруға дайын екенін білдірді.

Таяу Шығыстың бірқатар елдеріндегі әскери-саяси ахуалдың ушығуы жағдайында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі күшейтілген режімде жұмысын жалғастырып жатыр. 

Өңірдегі шет елдердегі мекемелердің дипломаттары жағдайдың дамуын үздіксіз бақылап, жедел әрекет ету және консулдық-құқықтық көмек көрсету мақсатында жергілікті билік органдары және ҚР азаматтарымен тұрақты байланыста болып, әуежайларға жүйелі түрде барып жатыр. Төтенше байланыс желілері мен мессенджерлердегі жедел чаттар арқылы азаматтармен тәулік бойы байланыста болу арқылы дипломатиялық өкілдіктер қызметкерлері өңірде және транзиттік аймақтарда орналасқан қазақстандықтардың тізімдерін тұрақты түрде жаңартып отыр. 

“Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы азаматтарының арасында зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Соңғы деректерге сәйкес, шиеленіс аймақтарында Қазақстан азаматтарының ең көп саны танымал туристік бағыттар, қажылық сапарлары орындары, сондай-ақ транзиттік хабтар шоғырланған жерлерде. Оның ішінде БАӘ-де шамамен 3 500 адам, САК - шамамен 3 000 адам және Қатарда 1 500-ге жуық адам. Өңірдің басқа мемлекеттерге келсек, дипломатиялық өкілдіктердің ақпаратына сәйкес Иранда 82 Қазақстан азаматы, Бахрейнде – 168 азамат, Кувейт пен Иорданияда – әрқайсысында 134 азаматтан, Израильде шамамен 100 азамат тіркелген. Әскери іс-қимылдар басталғаннан бері өңір елдерінің басым бөлігінде әуе кеңістігі жабылған. Әуе тасымалдаушылары рейстерді тоқтатуға мәжбүр болғандықтан, Қазақстанның шет елдердегі мекемелері туристік компаниялармен бірлесіп азаматтарды қонақүйлерге уақытша орналастыру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, БАӘ қонақүйлерінде біздің азаматтарға жағдай тұрақталғанға дейін тұру және тамақтану қамтамасыз етілген», - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарламасында.

Бұған дейін хабарланғандай, шиеленіс аймақтарынан қазақстандықтарды ықтимал эвакуациялау бағыттары мен шаралары пысықталып жатыр. 

Қауіпсіздік мақсатында жергілікті билік органдары өз бетінше қозғалмауға кеңес береді. Эвакуациялық рейс ұйымдастырылған жағдайда бірінші кезекте қолдау шаралары халықтың неғұрлым осал санаттарына, атап айтқанда қарт адамдарға, әйелдер мен балаларға көрсетілетін болады. 

Бұған дейін Тегеран қаласынан «Заркух» компаниясының өкілдерін, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының қызметкерлерін және дипломатиялық өкілдік қызметкерлерін қоса алғанда, Қазақстанның 50 азаматы шығарылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.