Қайғылы оқиғадан кейін қалалық емханада жатқан адамды дәрігерлер барынша тырысқанымен, ажалдан арашалай алмады, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Естеріңізге сала кетсек, Щучинск қаласындағы Ломоносов көшесінің бойындағы “Центр плова” дәмханасында алдын ала болжамдарға сәйкес, газ баллоны жарылып, салдарынан 7 адам қаза тауып, 28 адамды түрлі дәрежеде күйік шалған. Тілсіз жаудан дәмхана ғимаратының сегіз шаршы метрден астам аумағы зақымдалған.
Қазіргі уақытта тағы алты адам Астана, Көкшетау және Щучинск қаласындағы емдеу мекемелерінде өмір үшін күресіп жатыр.
Сондай-ақ Щучинск қаласында жарылыс кезінде зардап шеккендерге санитарлық авиация желісі арқылы мамандар мен медициналық жабдық жеткізілді. Бүгін 3 наурызда санитарлық авиация желісі арқылы Акмола облыстық ауруханасынан Щучинск қаласына жарылыстан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бейінді мамандар жіберілді.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше зардап шеккендерге жедел көмек беру үшін санитарлық авиация арқылы эндоскопист-дәрігер (бронхоскопист), сондай-ақ оториноларинголог дәрігер келген. Сонымен қатар, санитарлық авиация желісі арқылы Щучинсктен Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасына ауыр жағдайдағы науқастарға арналған бүйрек алмастыру терапиясын жүргізуге арналған ГДФ — гемодиафильтрация аппараты жеткізілді, - дейді Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.
Еске сала кетейік, биылғы жылдың 26 ақпанында Щучинск қаласында жарылыс болып, салдарынан 28 адам зардап шегіп, сегіз адам қаза болды. Зардап шеккендердің бірқатары Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының және «Авиценна-Бурабай» стационарының жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың өмірі үшін күресті жалғастыруда.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы