Жамбыл облысындағы адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты сот отырысы барысында прокурор апатқа дейінгі бір жыл ішінде айыпталушының жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 19 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі inform.kz сайтына сілтеме жасап.
Олардың қатарында белгіленген жылдамдықты бірнеше рет, соның ішінде 40 км/сағ-тан артық асыру, жол белгілері мен жол таңбалары талаптарын сақтамау, тоқтау және тұрақ ережелерін бұзу, сондай-ақ көлік құралын белгіленген талаптарды бұза отырып пайдалану деректері бар.
Сонымен қатар қауіпсіздік белдігін пайдалану ережелерін бұзу, жарық беру құрылғыларын қолдану талаптарын сақтамау және жол қауіпсіздігі саласындағы өзге де әкімшілік құқықбұзушылықтар тіркелген.
Қорғау тарапы көлікті тек айыпталушы ғана емес, басқа да тұлғалар пайдаланғанын мәлімдеді. Адвокаттың айтуынша, сақтандыру полисіне сәйкес аталған автокөлікті басқаруға Шавкат Рахмонов пен оның ағалары да жіберілген. Демек, құқықбұзушылықтарды солардың да жасауы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Тараз қаласында Шавкат Рахмоновтың жұбайына қатысты сот процесі басталған еді.
Алдын ала тыңдаудан кейін оның адвокаты адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша істі қосымша тергеуге қайтаруды сұрады. Ал апат салдарынан қаза тапқан бойжеткеннің отбасы Гүлайымды кешіргенін мәлімдеді.