Сапар аясындағы негізгі іс-шара – Абай атындағы облыстық кітапханада өткен өңір активімен кездесу.
Мемлекеттік кеңесші Жалпыұлттық коалицияның мүшелерімен бірге Абай облысының тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді
180
оқылды

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелерімен бірге Абай облысына барып, өңір жұртшылығымен бірқатар кездесу өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Мемлекеттік кеңесшімен бірге өңірге Жалпыұлттық коалиция мүшелері – Мәжіліс депутаттары Нұртай Сабильянов, Ерлан Саиров, Нартай Сәрсенғалиев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ақын Мұхтар Ниязов, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Олжас Сүлеймен және өзге де азаматтар барды.

Сапар аясындағы негізгі іс-шара – Абай атындағы облыстық кітапханада өткен өңір активімен кездесу. Талқылау жұмысына 500-ге жуық адам – мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, саяси партиялардың, Қазақстан халқы Ассамблеясының, ардагерлер ұйымдарының, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау, спорт салаларының, ғылыми және жастар қауымының өкілдері қатысты.

Диалогтың өзегі – Жаңа Конституция жобасының ережелері мен алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызы.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жобаны әзірлеу жұмысы ашықтық және кең қоғамдық қатысу қағидатына негізделгенін, e-Otinish және eGov цифрлық платформалары арқылы азаматтардан келіп түскен ұсыныстар ескерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға, билік институттарының өкілеттігі мен жауапкершілігі арасындағы теңгерімді күшейтуге, сондай-ақ адам капиталын, білім мен ғылымды және инновацияны мемлекеттің стратегиялық басымдықтары ретінде дамытуға бағытталды.

«Жаңа Конституциядағы негізгі тұжырымдамалық ережелердің басым бөлігі тікелей Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен ұсынылды. Мәселен, жаңа преамбула Президенттің тұжырымдамалық тезистері негізінде әзірленді. Мемлекет басшысы – азаматтарымыздың мүддесін қорғауға бағытталған бірқатар норма мен жаңашыл бастаманың авторы», – деді Ерлан Қарин.

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов меншік нысандарының барлық түрін қорғау, ұлттық заңнаманың басымдығы мен ұлттық валютаның рөлін бекіту сынды экономикалық кепілдіктер күшейтілгенін атап өтті. Бұл бизнес пен инвестициялар үшін тұрақты жағдай қалыптастырады.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім, ғылым және инновацияны дамыту мәселесі стратегиялық басымдық деңгейінде бекітілгенін, бұл адам капиталын қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік қолдауды күшейтетінін мәлімдеді.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров заң шығару билік тармағы жаңарғанына және Құрылтайдың бақылау функциялары күшейгеніне азар аударса, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Алин Жаңа Конституцияның ұлттық мәдениет пен дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайтудағы маңызын атап өтті.

Сонымен қатар сапар аясында өңірдегі шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті.

Талқылау тақырыптары – мәдениеттің, тарихи жадының және ұлттық бірегейліктің рөлі. Ерлан Қарин Жаңа Конституция тек құқықтық құжат қана емес, қоғамның құндылық бағдарын айқындайтын заманауи қоғамдық келісім ретінде қарастырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, жоба негізінде адамға бағдарланған тәсіл жатыр. Онда мемлекеттік саясаттың басты бағдары – азаматтардың құқығы, бостандығы мен мүмкіндіктері.

Қатысушылар мемлекеттік қызмет қағидаттарының тізбесінде тарихи-мәдени мұраны сақтау мен ұлттық мәдениетке қолдау көрсету нормаларын бекітуге қолдау білдірді.

Сапар барысында Жалпыұлттық коалиция мүшелері кәсіподақ ұйымдарымен, педагогтар қауымымен, мәдениет саласының өкілдерімен, «СемАЗ» ЖШС еңбек ұжымымен және өңір жастарымен де кездесті. Диалог аясында еңбек адамының құқығын қорғау, әлеуметтік кепілдікті қамтамасыз ету, білім мен ғылымды дамыту, өңірлердің экономикалық тұрғыда дамуына тұрақты жағдай жасау және жастардың өзін таныту мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды.

Жалпы, Абай облысындағы кездесулер жергілікті жұртшылықтың алдағы референдумға ерекше назар аударып отырғанын және Жаңа Конституция жобасына жоғары деңгейде қолдау білдіретінін көрсетті. Қатысушылар аталған құжат қоғамның әділдікке, тұрақтылыққа және жаңғыртуға деген сұранысын айқындайтынын, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтіп, елдің қарқынды дамуына жағдай жасайтынын атап өтті.