Актер Азамат Сатыбалды журналист Жанар Байсемізке берген сұхбатында отбасы туралы айтты, – деп жазды Aikyn.kz.
Бүгінде бір ұл тәрбиелеп отырған актер өмірінің қиын кезеңі туралы сөз қозғады. Айтуынша, айналасындағылар жанына бататын сөз айтқан кезде не істерін білмеген. Жас кезінде басына түрлі ой келгенде әкесінің бір ауыз сөзі райынан қайтарған екен.
«Бізде 1 ұл. Сондай кезде сөзден намыстанған сәттер болды. “Туып алмайсыңдар ма? Не істеп жүрсіңдер бір баланың бетіне қарап” дегендер болды. Бірақ олар сенің ар жағыңда не болып жатқанын білмейді ғой. Мен де, Назгүл де көпбалалы отбасынан шыққанбыз. Көп бала болғанын қаладық. Біздің бармаған жеріміз жоқ. Бірақ нәтиже болмады. Бірден “бала көтермейді” деген диагноз қойылды. Жігіт болған соң түрлі ой келген кез болды. Соны сезген әкем мені шақырып алып: “Мен сені көріп жүрмін. Егер Назгүлден басқа әйел аламын десең, болмаса ажырасып, тоқал аламын десең, екі дүниеде батамды бермеймін. Маған Назгүлден артық келін керек емес” деді. “Алла Тағала 1 балаға татымайтын 10 бала бере ме, 10 балаға татитын 1 бала бере ме өзі біледі. Бар балаңа тәубе де” деп айтты. Әкемнің осы сөзі мені тоқтатты. Көзқарасымды өзгертіп жіберді. Даналығына ризамын. Қазір ұлым 21-де. Жұбайыммен бірге қартайғым келеді», – дейді актер.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.