Бағдарлама саланың шикізаттық базасын нығайтып, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Энергетика министрлігінің мәліметінше, өткен жылы ұлттық компания Малдыбай, Шалқар, Аққұдық, Солтүстік-2 және Саралжын учаскелері бойынша жер қойнауын пайдалану жөнінде 5 келісімшартқа қол қойған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Үш жобаға стратегиялық серіктестер тартылды. Ал екі учаскедегі жұмыстар бейінді еншілес ұйымның күшімен жүргізіледі.
Халықаралық ынтымақтастық та кеңейіп келеді. CNPC компаниясымен келісімге қол қойылып, тікелей келіссөздер кезеңі аяқталды. Қазіргі уақытта Солтүстік-1 учаскесі бойынша келісімшарт жасау күтілуде. Сонымен қатар Eni компаниясымен Каменковский учаскесін бірлесіп зерттеу жұмыстары басталды.
Chevron корпорациясымен әріптестік аясында КТ-III учаскесі бойынша 3D-сейсмобарлау деректерін интерпретациялау жұмыстары сәтті аяқталды. Нәтижесінде, жоба экономикалық бағалау кезеңіне өтті. Сонымен қатар негізгі магистральдық газ құбырлары бойында жаңа жерасты газ қоймаларын салу бойынша кешенді есеп әзірленді. Бұл елдің энергетикалық тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
2026 жылы ресурстық базаны игеру қарқыны артады. Жоспарға сәйкес, Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына 25 жаңа перспективалы учаске енгізіледі.
Елімізде геологиялық зерттеулер мен жер қойнауын пайдалануда белсенді жұмыстар жалғасады. Басым бағыт – CNPC компаниясымен Северный-1 учаскесі, Chevron компаниясымен КТ-III учаскесі бойынша толыққанды келісімшарттарға қол қою және Eni компаниясымен Каменковский учаскесінде геологиялық-геофизикалық зерттеулердің белсенді кезеңіне өту.
Сонымен қатар іздестіру жұмыстарының географиясы Орталық Каспий маңы, Теңіз және Шу-Сарысу бассейндерінде жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензия алумен кеңейеді. Компания Балқаш шөгінді бассейнінің келешегін егжей-тегжейлі талдап, алдағы геологиялық барлау бағдарламаларын нақтылайды.