Айжан Қарабаеваның айтуынша, мұғалімнің кәсіби қызметін құқықтық қорғау мемлекеттік білім берудің бірыңғай стандарттарын белгілейді. 
Айжан Қарабаева: Ғылым мен инновацияға басымдық беру – білім сапасын арттырудың нақты жолы
164
оқылды

Астанада Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының «Әйел әлемі – ел тағдырына жауапкершілік» атты форумы өтті. Жиын аясында 15 наурызда өтетін жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі алдағы референдум мәселесі талқыланды. Форум қатысушысы «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы әйелдер қанатының кеңесшісі, облыстық мәслихат депутаты, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің директоры Айжан Қарабаеваның айтуынша, алдағы референдум – тек саяси оқиға емес, бұл білім беру жүйесінің берік негізін қалыптастыруға бағытталған тарихи мүмкіндік, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Мәслихат депутаты Конституцияда бастауыш және орта білімнің міндетті түрде берілуі және оны мемлекет қамтамасыз ететіні нақты айқындалғанын атап өтті. 

– Бұл – мұғалім мамандығына тұрақты сұраныс және жұмыс орны, сенімді болашақ деген сөз. Яғни, ұстаз – мемлекеттің конституциялық міндетін жүзеге асыратын негізгі тұлға ретінде қорғалады. Сонымен қатар бірыңғай білім стандарттарының белгіленуі мұғалімді шамадан тыс жүктемеден, негізсіз талаптар мен әкімшілік қысымнан қорғауға бағытталған. Бұл – педагогтің кәсіби еркіндігін нығайтып, әділ әрі бейтарап ортада жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. 

Ғылым мен инновацияға басымдық беру – білім сапасын арттырудың нақты жолы. Жаңартылған бағдарламалар, цифрлық шешімдер, кәсіби дамуға қолдау – мұның бәрі ұстаз еңбегінің нәтижесін күшейтеді, – деп түсіндірді Айжан Қарабаева. 

Айжан Қарабаеваның айтуынша, мұғалімнің кәсіби қызметін құқықтық қорғау мемлекеттік білім берудің бірыңғай стандарттарын белгілейді. Бұл барлық мектептер үшін ортақ талаптар бар дегенді білдіреді. Соның арқасында:

  • оқу бағдарламасын өз бетінше өзгертуге,
  • мұғалімге артық жүктеме жүктеуге,
  • келісілмеген талаптар қоюға шектеу қойылады. 

– Яғни, мұғалім заң арқылы шамадан тыс жұмыс көлемінен, негізсіз тәжірибелерден және әкімшілік қысымнан қорғалады.

Мемлекеттік те, жекеменшік те мектептер бірдей стандартпен жұмыс істейді. Білім беру жүйесі зайырлы сипатта болғандықтан, ұстаздар діни немесе идеологиялық қысымсыз, бейтарап ортада жұмыс істей алады, – дейді мәслихат депутаты. 

Бұл мұғалімге даулы жағдайларда конституциялық кепілдіктерге сүйеніп, өз құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар барлық педагогтерге тең талап пен тең жағдай жасалады.