Наурыз айының 3-4 күндері Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры көрермен назарына Дулат Исабековтың «Бонапарттың үйленуі» комедиясының премьерасын ұсынады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Бонапарттың үйленуі» – күлкі арқылы күрделі сұрақ қоятын қазақы комедия. Қалада тұратын бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның көзқарасын, діни ұстанымын, дәстүрге деген жауапкершілігін әшкерелейді. Той қарсаңында ашылған күтпеген «ақиқат» кейіпкерлерді таңдауға мәжбүр етеді: сыртқы бедел ме, әлде ішкі шындық па?

Қойылымда ұлттық құндылықтардың аяқасты болуы, салт-дәстүрдің мазмұнынан айырылып, даңғаза формаға айналуы, тіл мәселесінің тасада қалуы ащы мысқылмен көрсетіледі. Заманауи көрінеміз деп ұлттық негізді әлсірету — спектакль көтеретін өзекті тақырыптардың бірі. Сонымен қатар қоғамдағы күрделі мәселелерге тіке қарай алмау, шындықты айналып өту, жалған беделдің тасасына тығылу секілді құбылыстар да өткір сынға алынады. Күлкі мен ой қатар өрбиді.

Бұл қойылым – күлдіру үшін емес, күлкі арқылы ояту үшін! Спектакльде басты рөлдерді екі құрамда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Малаев, Жанқалдыбек Төленбаев, Боранбай Молдабаев, Мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің иегерлері Қасымхан Бұғыбай, Самат Байыров, Гауһар Жүсіпова, Айшолпан Жаңабергенова, Дастан Әлімов, актриса Айман Карпсеитова, Айнұр Жетпісбаева және театрдың жас әртістері Бейбарыс Сәрсен, Әли Қалдар, Ұлан Қабыл, Диана Жолдыбек, Еңлік Айымғазы сомдайды.